Ақназар салған жолмен

11-13 қараша аралығында Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS-те Ақназар Қажымұрат атындағы физика, математика және информатика пәндерінен қалалық олимпиада өтті.

Жарысқа Алматы қаласының мектептерінен 130-ға жуық оқушы қатысып, бақ сынасқан.
Мәриям Естайқызы, марқұмның әжесі:

– Бұл Ақназардың жоспары болатын. Білімге, ғылымға аз болса да, еңбегі сіңгенін қалаған еді. Сондықтан, бүгінгі бастама барша қатысушы оқушылар үшін үлкен серпіліс береді деп сенемін.

Ұйымдастырылып отырған бұл игі шарада Ақназардың физикадан олимпиадаға даярлаған жетекшілері – Мұстафа Абдулбакиұлы, Мехмет Сурмен, Имамбеков Онласын Имамбекұлы, астрофизикадан олимпиадаға даярлаған ҚАЗҰУ деканы – Бейсен Нұрзада Әбдібекқызы, робототехникадан жаттықтырушысы – Мурзахметов Асылбек сынды Ақназардың жетістіктеріне себепкер болған жандар жиында бас қосты.

Олардың қатарында Ақназар оқушы кезінде зияткерлік мектеп директоры болған – Олег Владимирович Пак, Ақназар оқушы кезінде оған жетекшілік еткен, қазіргі таңда NGS жекменшік мектебі директорының кеңесшісі – Назаралиева Зина Сүлейменқызы, Республикалық физика-математика мектебінің директоры – Күнғожин Алмаз Мұхамбетұлы және арнайы Шығыс Қазақстаннан келген Өскемен қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығының директоры – Раисова Гульфарида Бабақұмарқызы да олимпиаданың жабылу салтанатында болып, марқұм туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Ермек Серікұлы, Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің директоры:
– Ақназардың құрметіне ұйымдастырылып отырған бұл олимпиада зияткерлік мектеп үшін алғашқы тәжірибе. Енді осы олимпиада жыл сайын өткізіледі деп біз өзімізге мақсат қойып отырмыз. Осылайша Ақназардың ізімен, дарынды балалардың білімін шыңдау үшін тағы бір жаңа парақша бастадық.

Ұйымдастырушылар да, марқұмның туыстары да аталмыш олимпиаданың жыл сайын өткенін қалайды. Жақсының аты да, заты да өлмеуі тиіс дейді.

You may also like...