Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде баскетболдан ІІ Желілік спартакиаданың ақтық кезеңі басталды

Бүгін Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде баскетболдан ІІ Желілік спартакиаданың финалдық кезеңі басталды.  Ақтық мәреде спорттық жарыстың аймақтық кезеңінде топ жарып, І және ІІ орындарды алған он екі зияткерлік мектеп командалары кездесіп отыр. Олар Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Орал қалаларынан келген ұлдар және қыздар құрамалары.

   

Спорттық жарыстың ашылу салтанатына Мұстафа Өзтүріктің шәкірті, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, тхэквондодан үш дүркін әлем чемпионы Исатай Кабеков, сондай-ақ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Дамыту жөніндегі Департаментінің менеджері Ақмарал Идирисова келіп қатысты. Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының оқу ісі жөнінен орынбасары Мария Скопцова қатысушыларды ақтық сынның басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

    

“Баскетбол – бұл тек күш, жылдамдық, шыдамдылық көрсеткіші ғана емес, бұл – ең алдымен командалық ойын, яғни, өз әріптесіңе қолдау көрсету, қарсыласыңа құрметпен қарау қабілеті, сондай-ақ, комбинацияларды құрудың логикалық қабілеті. Басқаша айтқанда, баскетбол – қозғалыстағы шахмат. Осындай жарыстардың арқасында бір-бірімізді жақынырақ біліп, тығыз араласып, достық қарым-қатынас орнатамыз. Осы арқылы біз жекелеген мектептердің ғана емес, Назарбаев Зияткерлік мектептері дейтін үлкен желінің өкілдері екендігімізді терең сезіне аламыз».

Спартакиада аясында қатысушыларға Алматы қаласы бойынша арнайы экскурсия ұйымдастырылып, «Медеу» спорт кешені, «Көктөбе» демалыс саябағы, Балуан Шолақ атындағы Спорт және мәдениет сарайы, 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақ сынды көрікті жерлер таныстырылды.  Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің психолог-мамандары Сандуғаш Жақамбаева және Рахиля Беркінбай жарыс қатысушыларына «Жетістікке жол» тақырыбында психологиялық тренинг өткізді.

 

Желілік спартакиаданың ақтық кезеңі 25-ші желтоқсанға дейін жалғасады. Айта кетейік, спорттық сынның футзал, баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен аймақтық кезеңдері ағымдағы жылдың 21-23 қазан аралығында Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Қостанай және Орал қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінде өтті. Спорттық сында барлығы 21 команда – 600-ден астам оқушы қатысқан болатын.

You may also like...