МЕКТЕП ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Алматы қаласында Тұңғыш Президенттің 20 зияткерлік мектебі жобасы аясында “физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі” филиалы өз есігін айқара ашты.


Әлемдік білім беру кеңістігіне табысты кірігуді және оқушылардың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Үш тілде оқыту жобасы енгізілді. Мектепте стратегиялық әріптес-Кембридж университетімен бірлесіп әзірленген “NIS – Programme” білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Оқу пәндерінің мазмұны жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша бейіндеуді ескере отырып, қазақстандық және халықаралық бағдарламалардың интеграциясына негізделген.

Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалауды енгізу жүйесі және критериалды бағалаудың кіріктірілген моделі іске асырылды.


Мектеп 864 орынға есептелген. Ғимарат 7 блоктан құрылған, онда 75 оқу сыныбы орналасқан, оның ішінде 24 оқушыға арнап жабдықталған 21 кабинет, 12 оқушыға арналған 54 кабинет. Олардың ішінде математика, STEM, техникалық модельдеу кабинеттері, нано-, биотехнологиялар, робототехника, физика, химия, биология зертханалары, сондай-ақ жеке сабақтар мен психологиялық жеңілдету кабинеттері бар.

Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 1005 оқушы оқиды. Оған қоса 34 мұғалім-сарапшы, 51 мұғалім-модератор, 50 мұғалім, 25 мұғалім-тағылымгер жұмыс істейді. Оның ішінде 64 магистр, 4 PhD докторы, 2 ғылым кандидаты, 3 “Болашақ” халықаралық бағдарламасының түлегі, 3 Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі, 2 Назарбаев Университетінің түлегі бар.

2015 жылдан бастап Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі республика бойынша “Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша Үздік олимпиадалық мектеп” мәртебесіне ие.

Зияткерлік мектеп ашылған сәттен бастап 596 оқушы, ал 2021 жылы 31 оқушы Республикалық және Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанса, 359 оқушы Республикалық және Халықаралық ғылыми жарыстар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.

Мектеп оқушыларының ағылшын тілін меңгеру деңгейі өте жоғары: мектеп бойынша IELTS орташа ұпайым 7,2 баллды құрайды.

2019-2020 оқу жылында 25 оқушы шетелдік жоғары оқу орындарында (АҚШ, Канада, Германия, Чехия, Эстония, Италия, Венгрия, Ресей, Нидерланды) оқу үшін гранттар (толық немесе ішінара) жеңіп алды. Мысалы, Сұлтанәлі Нұрманұлы-Harvard Collage, Изимова Ардана – University of Pennsylvania, Мұсабеков Нұржан – University of Toronto (Lester B. Университеті, Ердана Мәуленбай-University of British Columbia (Karen Mckellin International Leader of Tomorrow Award), Қалиев Әлібек – Lehigh University, Исабаев Нұржан – Fordham University, Әлихан Аяжан – Northwestern University, Qatar, Зинешова София – экономиканың жоғары мектебі, Жұмабаева Жәния – Syracuse University. Назарбаев Университетіне 32 оқушы түсті. 20 түлек ҚБТУ, СДУ, ҚазҰУ, ҚазҰМУ, ҚРМУ, AlmaU, KIMEP University сияқты қазақстандық жоғары оқу орындарының грантына ие болды.

2018-2019 оқу жылының 2 түлегі және 2019-2020 оқу жылының 1 түлегі Гарвард университетіне 100% білім грантын алды. 2021 жылы Дильназ Камаловаға Гарвард университетінен шақырту келді.