IMO: Қола медаль Әлібекте

12 сынып оқушысы Әлібек Оразалин математика пәні бойынша Бат қаласында өтіп жатқан халықаралық IMO олимпиадасының қола медаліне ие болды.
Әлемдік білім сайысында ел мерейін асырған Әлібек пен ұстазы Нұрсұлтан Хаджимуратовты құттықтаймыз!

— Қандай да бір биік белеске жету үшін маңдай теріңді төгіп еңбек ету қажет. Бұл медальды алу үшін мен күн-түн демей білім алдым, оқыдым, іздендім. Әр күн сайын 5-6 сағат уақытымды тек есеп шығаруға жұмсадым. Осы жолда маған жол сілтеген ұстазым Нұрсұлтан ағайыма алғысымды айтқым келеді, — дейді Әлібек.

Тұманды Альбионда өткен олимпиадаға әлемнің 112 елінен 621 оқушы қатысты.

Айта кетейік, халықаралық беделді сайыстың биыл мерейтойы. 1959 жылдан бері үздіксіз өтіп келе жатқан IMO-ның 60 жылдығы. Қазақстандық оқушылар 1992 жылдан бері қатысып келеді.

Олимпиаданың қорытындысы бойынша еліміздің құрама командасы 2 күміс және 4 қола медаль иеленді.

You may also like...