Əлемдік доданың жеңімпаздары

Лондонда өткен «VEX Robotics Competition-2019» – робототехника жəне инженерлік жобалар сайысынан жүлделі оралған оқушыларды мектеп ұжымы салтанатты түрде қарсы алды.


Жарысқа Қазақстан атынан Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қатысты. Ұлдар командасы: Бақтияр Теміров, Жәнібек Манабаев. Қыздар: Ділназ Камалова, Любовь Дудченко және Малика Бөрібаева.

Сайыс 9-ақпанда Лондонда өтті. Оған 32 команда қатысты: Ұлыбританиядан 24, Түркиядан 6 және Қазақстаннан 2 команда.

Қазақстандық команда жарыстың алғашқы сатысында топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. «Бірінші кезең жекелей сайыс «Skills challenge» деп аталды. Яғни құрастырылған әр роботтың мүмкіндігі бағаланды. Басты талап роботымыз 1 минуттың ішінде көп ұпай жинап, жылдамдық пен басқару бағдарламасынының жоғары деңгейін көрсету керек болды. Біз тапсырманы мүлтіксіз орындап, 1 орын алдық»,-дейді жарысқа қатысқан Бақтияр Теміров. Бұл ұлдар командасының алғашқы сайыстағы қорытындысы, ал қыздар 2 орын иеленді.

Екінші кезең нәтижесінде, командалық жұмыс сараланды. Қарсыластарымен сайысқа түскен ұлдар командасы 2 орын иеленді.


-Төрешілер Қазақстандық команда құрастырған роботтардың дизайнына және қатысушылардың зияткерлігіне жоғары баға берді. Әлем бойынша робот құрастырудан Ұлыбритания көш бастап тұр десек, біздің команданың жұмысына халықаралық төрешілер таңданыспен қарады,- дейді Любовь Дудченко.


Айта кетейік, 23-24 ақпанда елімізде робототехникадан «VEX Robotics» республикалық жарысы өтеді. Бүгін жүлделі оралған оқушылар сол сайысқа да қатысады. Сынақтан сүрінбей өтсе АҚШ елінде өтетін VEX-тің ең ауқымды әлемдік жарысына жолдама алады.

 

You may also like...