VEX WORLD Robotics Competition – 2019: ЗИЯТКЕРЛЕР ЖЕҢІСІ

VEX WORLD Robotics Competition – 2019: ЗИЯТКЕРЛЕР ЖЕҢІСІ

АҚШ, Кентуки штатының Луисвилл қаласында өткен «VEX WORLD Robotics Competition» робототехниктердің чемпионаты аяқталып, қазақстандық команда толағай жеңіспен оралды.

Әлемдік чемпионатта «High shool», «Middle shool», «Vex IQ» жас санаты бойынша сынға түскен құлтемір құрастырушылар командасы жоғары нәтиже көрсетті. Ересектер тобы (High shool) робот құрастырудың ең үздік инженерлік шешіміне берілетін «ENERGY AWARD» арнайы сыйлығын жеңіп алды.

Ал, орта топ (Middle shool) командасының роботы Robot skills кезеңіндегі бағдарламалық іс-қимылы көпшілікті таңқалдырды. Нәтижесінде, қазақстандық робот Programming-дің ең жоғарғы (20) ұпайын жинап 1 орынды иеленді. Айта кетейік, Middle shool жас санатындағы жарысқа әлемнің ең мықты 163 командасы қатысты.

Vex IQ құрамында 7-сынып оқушылары болды. Олардың роботтары Robot skills және Teamwork деп аталатын екі категория бойынша алаңға шықты. 400 команда қатысқан бұл сайыста да қазылар алқасы ойыншылардың роботына және оқушылардың өзге командалармен қарым-қатынасына жоғары баға беріп, «Sportmanship Award» арнайы сыйлығын табыс етті.

 

Байрақты бәсекеге Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 оқушысы қатысты. Бәрі де бұған дейін талай әлемдік сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығалаған өрендер. Бақтияр Теміров, Тамирлан Жармағамбетов, Жәңгір Сиранов, Жәнібек Манабаев,Жантөре Бисенғали, Ержан Қабдықайров, Қуаныш Ернұр, Нұрсұлтан Джанзақов, Әмзебек Ибрахим, Айдарбек Нұрахмет пен Қатымғали Азамат. 
Бақтияр мен Тамирлан АҚШ чемпионатына биыл үшінші жыл қатарынан қатысты.

– Халықаралық жарыстарға қатысып тәжірбие жинақтап қалдық. Сондықтан бұл жолы қиналған жоқпыз және өзімізге сенімді болдық. Өйткені, тапсырманы мүлтіксіз орындадық. Бір қуантарлығы, география кеңейіп, қатысушылар саны артып жатқандығында. Осындай жарыстарға қатыса отырып біз елімізді халықаралық аренада танытқымыз келеді және робототехника мен IT саласының дамуына үлесімізді қосқымыз келеді, – дейді 10-сынып оқушысы Бақтияр Теміров.

Биыл «VEX Robotics World» чемпионатына әлемнің 40-тан аса елінен 20 000 команда қатысты. Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Гонконг, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания, Канада сынды әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен келген командалар жарыста топ бастады. 
Қазақстандық оқушылардың да ғылым мен техниканы қатар меңгеріп, әлемдік аренада ел намысын асқақтатқаны үлкен мақтаныш.

– Әлемде Европа елдерінің құлтеміршілері техника тілін жақсы меңгеріп танылған болса, кейінгі жылдары Қазақстанның өрендері де олардан қалысар емес. «Робототехника саласын дамыту арқылы, біз балалардың қызығушылығын арттырамыз. Техниканы меңгерген мықты мамандарды дайындаймыз. Бұл өз кезегінде болашақта өндірісті роботтандыруға бағытталған алғашқы қадам деп есептеген жөн. Алдағы уақытта да шәкірттерімізді ең үздік ондықтың қатарынан көреміз деген сеніміміз мол, – дейді робототехника үйірмесінің жетекшісі Thomas Loome.

You may also like...