Ақтаудағы NIS оқушысы халықаралық шығармашылық байқауда жеңімпаздар қатарынан көрінді

22 қараша 2024 15:00

Ақтаудағы NIS-тің 9-сынып оқушысы Айсұлу Бекзат әлем бойынша XIV “Ocean Awareness” (BOW SEAT) халықаралық байқауында “Құрметті ескертпе” номинациясын жеңіп, қаржылай сыйақы алды. Оқушының туындысы байқаудың “Көркем өнер және қолөнер” бағыты бойынша бағаланды.

Ocean Awareness Programs BOW SEAT – бұл 11-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді шығармашылық арқылы экологиялық мәселелерді түсінуге және әлемнің өзгеруіне оң әсер ететін азамат болуға үндейтін халықаралық бағдарлама.

Айсұлу байқауға “Климаттың өзгеруі және оның Каспий теңізіне әсері” тақырыбындағы шығармашылық жұмысын ұсынды. Бұл жұмысында ол Каспий теңізіндегі климаттық өзгерістердің салдарын талдап, экологияның өзекті мәселелерін көтерді. Биылғы байқауға әлемнің әртүрлі елдерінен 5200-ден астам жас талант қатысқан.

Айсулудың жетістігі – мектептің басты құндылықтарының бірі – Ғаламдық азаматтық қағидатының және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 17 бағытын меңгеру жолындағы жұмыстың айқын көрсеткіші.

Оқушының шығармашылық табысына жетекшілік еткен тарих пәнінің мұғалімі Құрманова Гүлжанат Төреғалиқызының еңбегін ерекше атап өтеміз.