- /
- Новости /
Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне – 10 жыл!
27 қараша 2024 20:09
Биыл Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылғанына 10 жыл толды. Осы мерейтой аясында мерекелік кеш өтіп, оқушылардың үздік жобалары, роботтары мен инновациялық технологиялары ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Мектептің басты жетістіктері де таныстырылды.
Бүгінде бұл оқу ордасында 1000-нан астам оқушы білім алады. Мектепте 75 оқу кабинеті бар, олардың қатарына математика, STEM, техникалық модельдеу кабинеттері, нано-биотехнология, робототехника, физика, химия, биология зертханалары кіреді. Сондай-ақ жеке сабақтар өткізуге және психологиялық демалысқа арналған арнайы кабинеттер де қарастырылған.
Оқушыларға білімдерін тереңдету үшін TWIG онлайн платформасы қолжетімді. Бұл платформада қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде биология, химия, физика және математика пәндеріне арналған 1500 оқу фильмі бар.
Мектепте түрлі санаттағы ұстаздар, соның ішінде сарапшылар, модераторлар және пән мұғалімдері қызмет етеді. Олардың қатарында жоғары білікті мамандар бар: магистрлер, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, сондай-ақ халықаралық бағдарламалар мен алдыңғы қатарлы білім беру мекемелерінің түлектері.
Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS 2018 жылы Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредиттеуінен өтті, ал 2019 жылы ұлттық деңгейде аккредитация алды. Мектеп оқушыларының IELTS бойынша орташа балы – 7,2.
– Мерейтой – бұл тек мерекені атап өту ғана емес, өткен жетістіктерімізді саралап, болашаққа жаңа мақсаттар мен міндеттерді айқындайтын маңызды кезең. Жыл сайын мектеп жастарды білімге және әлемдік деңгейдегі жетістіктерге шабыттандырып келеді, – дейді мектеп директоры Ермек Пайзов. «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне үш тірек мектеп бекітілген. 2023–2024 оқу жылынан бастап мектеп базасында мұғалімдер мен кітапханашыларға арналған тағылымдамалар ұйымдастырылды. Сонымен қатар тірек мектептердің пән мұғалімдері мен психологтері үшін пәндік білім, зерттеушілік дағдылар және функционалдық сауаттылық бойынша семинарлар өткізілді.
2015–2022 жылдар аралығында мектеп «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы үздік олимпиадалық мектеп» мәртебесін иеленді. Он жыл ішінде мектеп оқушылары 778 рет республикалық және халықаралық олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көрініп, білім мен біліктіліктің жоғары деңгейін көрсетті.
10 жылда Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS-ті 1304 оқушы бітірді. Тоғыз түлек Гарвард, MIT, Йель университеті, Пенсильвания университеті және Уильямс колледжінде білім алуда. 409 түлек АҚШ, Ұлыбритания, Венгрия, Италия, Канада, Корея, Біріккен Араб Әмірліктері және Францияның жоғары оқу орындарында, сондай-ақ 295 түлек Назарбаев Университетінде, 440 түлек өзге де жетекші отандық жоғары оқу орындарында оқиды.
Мектеп түлегі Ақназар Қажымұратты еске алу мақсатында жыл сайын зияткерлік турнир өткізіледі. Қалалық шара биыл «Алматы Дарыны» орталығымен бірлесе ұйымдастырылып, ресми түрде олимпиада мәртебесін алды.
Сондай-ақ білім ордасында оқушылардың жеке қасиеттерін, көшбасшылық қабілеттерін және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл мақсатта спорттық және шығармашылық дағдыларды жетілдіруге бағытталған 20-дан астам ұйым жұмыс істейді.
Айта кету керек, Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS командасы робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды. Команданың жетістіктер қоржынында 2022 жылы Женевада, 2023 жылы Сингапурде және 2024 жылы Афинада өткен First Global Challenge-дің алтын жүлделері бар. NIS оқушылары әлемнің 190 елінің арасынан үздік атанды.
Ал мектеп оқушыларының «Aenoica» жобасы NASA халықаралық байқауында жеңімпаз атанды. Жоба авторлары 300 мың адамға жайлы мекен бола алатын станцияны және кванттық коммуникациялар мен технологиялық дамыған агрокультураны қолданатын өмірді қамтамасыз ету жүйесін жасап шығарды.
NIS оқушысы Сымбат Барсағазы Хьюстон қаласындағы NASA-ның United Space School бағдарламасы аясында екі апталық тағылымдамадан өтті. Бағдарлама барысында ол команда құрамында Марсқа ұшуды жүзеге асыратын пилоттық миссияның жобасын әзірлеуге атсалысты.