Семейдегі Зияткерлік мектепке — 15 жыл           

29 қараша 2024 18:53

Биыл Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бой көтергеніне 15 жыл толды. Мерейтой аясында өтіп жатқан мерекелік іс-шараларға құрметті қонақтар мен мәртебелі меймандар қатысты.  

Мектептің  басты жетістіктері саралап, келелі болашағын талқылау мақсатында ұстаздардың методикалық және зерттеу жұмыстарының цифрлық және оқушылардың ғылыми жетістіктері мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды.  

Оқу ордамыздың ұжымын мерейтоймен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдіру үшін  "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының атқарушы директоры Данияр Темиртасов сөз сөйлеп, мектебіміздің ұстазы Асулан Тулеуханұлына NIS мектептері жүйесіндегі «Қамқор жүрек» медалін табыс етті.

15 жыл ішінде Семейдегі Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымымыздың қоржынын әр түрлі деңгейдегі медальдармен толтырды. Мектеп ұжымына, педагогтеріне, оқушыларына шығармашылық табыс тілеймін. Сондай-ақ осы мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Асулан Тулеуханұлына «Қамқор жүрек» төсбелгісін табыстау мен үшін үлкен құрмет. Еліміздің сіз сияқты азаматтары көп болсын, - деп атап өтті Данияр Темиртасов.

Қазіргі таңда оқу ордасында 790-нан астам зияткер білім алады. Білім ошағының оқушылары ел мен әлемдегі академиялық жетістіктердің жеңісті марафонын жалғастыруда. 200-ден астам  білім алушы  беделді халықаралық, республикалық, олимпиадалар да, 150-ге жуық  зияткер ғылыми жарыстар мен конкурстарда жеңіс тұғырынан көрінді.   

2009-2024 жылдар аралығында еліміздің жарқын болашағы үшін жауапты, саналы да парасатты ұрпақты тәрбиелеу миссиясын абыроймен атқарып келеміз. Бұл – ең алдымен, бірегей мектебіміздің және шығармашыл, жанашыр ұстаздарымыздың ерен еңбегінің нәтижесі деп білемін. Алдағы күндеріміз де табысты әрі жемісті болсын, – деп құттықтады мектеп директоры Наркен Буркенов.

Мектеп өз тарихында 2017 және 2023 жылы Халықаралық Мектептер Кеңесі CIS аккредиттеуінен өтіп, білім саласындағы жоғары стандарттарға сай екенін дүниежүзілік аренада мығымдап берді. Жаһандық және отандық білім беру жүйесіндегі инновациялық әдістерді ұштастыратын түрлі санаттағы білікті педагогтер, оның ішінде сарапшылар, модераторлар мен пән мұғалімдері қызмет етеді.

2009-2024 жылдар аралығында Абай өңірінен барлығы 1169 зияткер қанат қақты. 410 түлек Назарбаев Университетіне, тағы 124 түлек АҚШ, Италия, Катар, Чехия, Гонконг, Венгрия, Түркия, Малайзия сынды елдердің маңдайалды жоғарғы оқу орындарына аттанды.

Білім беру мекемесінің басым бағыттарының бірі мектеп тәжірибесін тарату. 2017 жылы мектеп тәжірибесі 7 жетекші мектепке таратылса, бүгінде олардың саны едәуір артқан. Мәселен, 2022 жылы  «Ауылдағы мектептердің әлеуетін дамыту» республикалық жобасы аясында Аягөз қаласының көппрофильді гимназиясы тірек мектебі ретінде бекітілсе, 2023-2024 жылдары тірек бағдарламасының қатары Ақсуат, Жарма, Абай, Бесқарағай, Бородулиха және Көкпекті аудандарының мектептерімен толықтқан.

Тарих үшін 15 жыл қас-қағым сәт болғанымен, білім беру жүйесінде мектептің 15 жылының әрқайсысысы бір төбе, бір белес.