ОРАЛ NIS ҰСТАЗДАРЫ STEM БАҒЫТЫНДА ТӘЖІРИБЕМЕН БӨЛІСТІ

21 қараша 2024 15:30

Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «STEM сабақтарында оқушылардың зерттеу қабілеттерін дамыту» семинары ұйымдастырылды. Аталмыш семинарға қаламыздағы Педагогикалық шеберлік орталығында тағылымдамадан өтіп жатқан мұғалімдер қатысты.

Семинардың мақсаты – STEM жобаларды дайындау барысымен таныстыру және осы бағытта оқушыларды түрлі байқауларға қатыстыруды ұйымдастыру жолдарын көрсету.

Қатысушылар мектебіміздің химия пәнінің мұғалімдері Гүлсім Киматова мен Mary Bejerano өткізген ашық сабақтарға қатысып, робототехника үйірмесінің жетекшісі Армат Мақсотовтың 3D модельдеу, Tinkercard бағдарламалары бағытындағы шеберлік сағаттына куә болды.

Семинарды өткізуге жауапты инженерлік-техникалық шығармашылық және ақпараттық технологиялардың кеңейтілген зертханасының меңгерушісі Медет Бисекенов тыңдаушыларға ғылыми жобаларды құрастыру, әзірлеу және ұйымдастыру жөнінде түсіндіріп, STEM зертханасында оқушылардың түрлі деңгейдегі ғылыми конкурстардан жеңімпаз атанған техникалық жоба модельдерін, зертхана жұмыстарын көрсетті.

Қатысушылар тәжірибесімен бөліскен зияткерлік мектеп мұғалімдеріне мол мәлімет алғандарын жеткізіп, алғыстарын жеткізді.