- /
- Новости /
ТІРЕК МЕКТЕПТЕР ЖОБАСЫ: КАЗТАЛОВ МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІМЕН КЕЗДЕСУ
25 қараша 2024 14:57
Орал қаласы NIS педагогтер командасы «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жоба аясында Казталов мектеп-лицейіне аялдады.
Жоспарлы жүздесу зияткерлік мектеп мұғалімдерінің Bookcrossing жобасы аясында кітаптарды сыйға тарту рәсімімен басталды. Қос ұжымның өзара жақын таныстығынан кейін, математика, биология, химия, физика пәндері бойынша ашық сабақтар ұйымдастырылды. Кейін бірлесе өткізілген сабақтарға Lesson Study бағытындағы комлексті талдау жүргізіліп, «Сабақты бақылау» парағы негізінде әр пән оқытушысымен талқылау болды.
NIS командасы пәндер бойынша қиын тақырыптармен жұмыс, оқушыларды олимпиадаға дайындау жүйесі жөнінде шеберлік сағаттарын өткізді. Ғылыми-зерттеу жобаларына баулу мәселелеріне ден қойып, Казталов мектеп-лицейінің оқушыларының көрсеткен жобаларына кері байланыс берді.
Зияткерлік мектеп кітапханаларының жобалары мен акциялары таныстырылып, әлеуметтік жобалар жөнінде айтылды. Пікірсайыс клубтарын құрудың ерекшеліктері бағытында да сөз қозғалды. Шара соңында Казталов мектеп-лицейі мен А. Оразбаева атындағы мектептің 6-сынып оқушыларының ата-аналарымен «Өркен» грантына конкурстық іріктеу туралы кездесу өтті.
Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтері аталған тақырыптар бойынша жан-жақты тәжірибелерімен бөлісіп, қос мектеп ұжымының кеңесуімен келесі кездесудің жоспары әзірленді.