Жас суретші Фатима Нөкенмен сұхбат

19 желтоқсан күні мектебіміздің 11«D» сынып оқушысы, жас суретші Фатима Нөкеннің онлайн көрмесі өткен болатын. Талантты шәкіртіміз мектеп өмірініен тыс қылқаламды жанына серік қылып, байқауларда топ жарып жүр. Тәуелсіздік мерекесін арналған көрмеде, ел азаттығына арналған картиналар басты назарда болды. Көрме барысында Фатимамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

  • Фатима, сұхбатымыздың басын сенің сурет салуға деген қызығушылығың туралы бастасақ.
  • Сәлеметсіздер ме! Мен сурет салуды ата-анамның айтуы бойынша, 2-3 жасымда бастаппын, ең бірінші суретімді алғаш зообаққа барғанда салғанмын. Ол суретімде жылан мен қоян бейнеленген.
  • Мектеп өмірі мен сурет салуды қатар алып жүрген қиынға соқпады ма?
  • Бірінші сыныпта оқушылар сарайындағы сурет үйірмесіне қатысқанмын, бірақ сабаққа көп көңіл бөлу керек болғандықтан, жалғастыруға мүмкіндік болмады. Сабақтан бос уақытымда YouTube желісінен видеолар қарап, сурет салуды үйрендім.
  • Ата-анаңның сурет салуға деген қозқарасы қалай болды?
  • Басында ата-анам қарсы болды сурет салуыма. Себебі, уақытымның көп бөлігін сурет салуға арнайтынмын. Одан да математика оқуым керегін айтты. Болашығымды суретпен байланыстырмады. Бірақ мені ата-анам әрдайым қолдайды. 9-сыныпта FOYA фестивалінде “Болашақ Қазақстан” тақырыбында сурет салып, гран-при иегері атандым. Қазір сурет салудағы жетістіктеріме қарап мақтанып отырады.
  • Осы уақытқа дейін салған суреттерің көп. Солардың арасына өзіңе ерекшесі қай сурет?
  • Ең сүйікті, жаныма жақын сурет өзімнің автопортретім. Осы уақытқа дейін мен қанша сурет салсам да, дәл осы туынды маған өзімнің кім екенімді тануыма ерекше ықпал етті. Мен сол портретті салу барысында өзімнің жан-дүниемді толық танып білуге тырыстым. Күнде көз алдымда тұрған осы суретке қарап, армандарым мен мақсаттарымды еске аламын, өзімді жігерлендіремін.
  • Қандай суреттерді салғанды ұнатасың?
  • Мен көбінесе портреттер саламын. Адамдардың сырт-келбетін ғана емес ішкі сезімдерін түсініп, қағаз бетіне түсіруді үйренгім келеді. Балалық шағымда айналамдағы адамдармен ашық сөйлесіп, жан-дүниесін ұққым келетін, портрет салу барысында мен адамдардың жанарына қарап, жанын ұғатындаймын.
  • Сурет әлемінде еліктейтін тұлғаларың кімдер?
  • Қазақстандық суретшілердің арасында Карибаева Айгерим, Динара Кадирова, Айнаш Касенова секілді тұлғалардың шығармашылығы мені шабыттандырады. Біреуге еліктеймін деп айта алмаймын, ерекше дүниенің авторы болғым келеді.
  • Мектепті аяқтаған соң осы өнеріңді жалғастыру жоспарыңда бар ма?
  • Болашақта сурет салуды тоқтатпаймын, шеберлігімді шыңдап, керемет туындылар саламын. Бір күні менің суреттерім нағыз «Монализа» секілді ұлы туындылармен қатар тұратынына сенемін. Алайда мен сурет салуды өзімнің болашақ мамандығым ретінде көре алмаймын. Себебі, суретті ақша табу үшін, болмаса атақ-даңқ үшін салатын болсам, өнерге деген махаббатым сөнеді деп қорқамын. Осы орайда менің әр бастамама қолдау білдіретін мектебіме, ұстаздарыма үлкен алғыс білдіремін!
  • Жоспарларыңның орындалсын! Тек сәттілік тілейміз!

 

You may also like...