Журналистер арасында медиа-марафон

«Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистер қауымының кәсіби мерекесі осы аптада тойланбақ. 28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күніне орай, Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде, журналистер арасында медиа-марафон өтті.

Бұл спорт байқауына еліміздің үздік медиа салаларынан («Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы, Tengrinews.kz, Hola News, Baribar.kz, Nur.kz, Хабар телеарнасы, Almaty Tv, 31 арна, Еуразия бірінші арнасы, Ұлан газеті) 40-қа жуық ақпарат қызметкерлері қатысып, бақ сынасты. Медиа-марафонда журналистер шағын футболдан тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде жүлделі бірінші орынды Tengrinews.kz ақпараттық порталының командасы жеңіп алса, екінші, үшінші орындар зияткерлік мектеп командаларына бұйырды. Бұған қоса үздік қақпашы, үздік шабуылшы, үздік қорғаушы номинациялары белгілі болды. Журналистер волейбол алаңында да бас қосты. Командалық сайыстың жеңімпазы журналистерден құралған DREAM TEAM командасы болды.

Төртінші билік өкілдері үстел теннисінен де үздік екендерін дәлелдеді. Спорттың бұл түрінен 6 команда өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы командасының бәсі биік болды. Олар жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Сайыстың екінші орын иегерлері – «Ұлан» газетінің командасы. Үздік үштікті Алматы телеарнасының командасы қорытындылады. Ал шахмат жарыстарынан бірінші орынды Нұрлан Құмарұлы алды. Екінші орынды Байназаров Естай иеленді. Үшінші орын Ринат Ботай есімді азаматқа бұйырды. Медиа-марафонға қатысқан барша ақпарат қызметкерлеріне алғыс білдіре отырып, төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Жазарларыңыз көп, қаламдарыңыз қуатты, еңбектеріңіз жемісті болсын!