Жаңалықтар
Робототехника саласындағы оқушылардың жетістігі: Индиядағы First Tech Challenge байқауына «POINT TEAM» квота алды
19 желтоқсан 2024 16:10
Зияткерлік мектептің оқушылары Онгаров Рамазан, Нұрғали Нұрайым, Бекберген Назерке, Мырзабек Дінмұхаммед, Муслимахан Ералды, Ергеш Айғанымнан құралған «POINT TEAM» робототехниктер командасы іріктеу кезеңдерден өтіп, робототехника саласындағы ең беделді халықаралық байқаулардың бірі — Индияда өтетін First Tech Challenge байқауына квота алды.
Бұл жетістік ұжымдық жұмыс, шығармашылық көзқарас және жас инженерлеріміздің жоғары техникалық дайындықтарының арқасында мүмкін болды.
Іріктеу турында команда тек роботтарды құрастыру мен бағдарламалаудағы шеберліктерін ғана емес, сонымен қатар командалық жұмыстағы, ерекше тапсырмаларды орындауда және инновациялық шешімдер табудағы дағдыларын көрсете білді.Команда алматылық №208 орта мектеп оқушыларымен коллаборацияда жаңа технологиялар негізінде жасалған роботтарды жасақтап жаңа жетістіктерге жетуді көздеп отыр:
– Біз жақында өткен FIRST өңірлік чемпионаттарында елеулі жеңістерге қол жеткіздік, Жыланды ауылында өткен өңірлік чемпионатында Альянс капитаны (Winning Alliance Captain Award) атағын алдық, Маңғыстауда өткен облыстық чемпионатта INSPIRE марапатын жеңіп алдық, енді бірінші Орталық Азия чемпионатына және Үндістандағы FIRST TECH CHALLENGE-ге қатысуға квоталар алдық. Бұл жетістіктер бізді океанография саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерді жалғастыруға шабыттандырады.
Жетекшілері: “TechLAB” техноторийдың инженері Айбек Қалабай.