Наурыз кездесулері алматылық оқушылардың ынтымақтастығын нығайтты

Дәстүрлі Х Наурыз кездесулері аясында Алматыдағы орта мектеп оқушылары физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қонақта болды. Оқушылар бірлесіп планетаны қалдықтан тазартуға көмектесетін эко-роботтар жасап шығарды.

Наурыз кездесулеріне қатысушыларға «эко-робот» практикалық тренингін Азамат Ешмұхаметов жүргізді. Осылайша оқушылар командалық жұмыс барысында робот құрастырып, Arduino платасы арқылы жүйені іске қосты. Ал жұмысқа қажетті жабдықтар 3D-принтерде басып шығарылды.

Алматыдағы №39 мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы Олжас Майсұлы Наурыз кездесулері аясында экологияға қалай көмектесуге болатынын үйрендім дейді. №33 мектеп-лицейдің оқушысы Жамал Бекетайға да бұл шара қатты ұнаған.

«Робот құрастырған кезде қозғалтқыш пен оның мөлшеріне баса назар аудару керегін түсіндім. Бұрын біздің мектепте робототехника үйірмелері болған. Қазір жоқ. Мен осы саланы тереңірек игергім келеді»,- дейді 9-сынып оқушысы Жамал.

Сондай-ақ, Ораз Жандосов атындағы № 105 гимназия оқушысы Лазиза Саитова мен 148 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Томирис Айдосқызы дәстүрлі кездесуден кейін робототехникаға қызығушылығы оянғанын айтады. 

Жалпы биылғы шараға еліміздің әр өңірінен 400-ге жуық оқушы қатысты. Наурыз кездесулері оқушыларға жаңа ақпарат беріп, тың идеяларды жүзеге асыруға сепші болды.

You may also like...