СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!

Қоңырау үнi. Бұл үн бiлiм кемесi – мектеп қабырға­сынан шыққан әрбiр адамның құлағына таныс, жүрегiне жақын. Алғашқы қоңырау – балалық арманыңды жетелеп, бiлiм алып, мақсатыңды айқындауға шақырса, соңғы қоңырау үнi – кәмелетке толып, оң – солын танып, қанаттанған бозбала мен бойжеткендердi арман биiктерiне ұшырып, ең үлкен өмiр мектебiне шығарып салады. Соңғы қоңырау – осындай қимас қоштасу әуенi сәтiмен ыстық.

Алматы қаласындағы ФМБ Назарбаев зияткерлік мектебінің «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты мерекелік салтанатына мыңға таяу оқушы қатысты.


Бұл айтулы күнде бітіруші түлектер сынып жетекшілеріне, ұстаздарына гүл шоқтарымен алғыстарын білдіріп, қимай қоштасатындарын айтты. Сол секілді ата-аналар атынан сөз алған азаматтар да ұстаздар еңбегін жоғары бағалап, қашанда алтын ұядағы білім мен тәрбие алдағы уақытта өз жемісін беретініне сендірді. 

Осы бір сәтте ән әуезі қалықтап, түлектердің қоштасу вальсіне ұласты. 
Күміс қоңырауды 7-сынып оқушылары Ізбасарұлы Айтуған мен Куатбекова Аянат және 12 сыныптың оқушылары Әбдіразақ Нұрасыл мен Борибаева Малика соғып, шаттықтың құшағында ұрпақтар сабақтастығының әдемі көрінісін жұрттың көз алдынан өткізді.


Мектеп директоры Пайзов Ермек Сериковичтің айтуынша, білім ұясын 140 түлек бітіріп жатыр екен. Биылғы жылғы соңғы қоңыраудың ерекшелігі де осында болып отыр. 140 түлектің көпшілік бөлігі әлемнің үздік жоғарғы оқу орындарына шақырту алып, мектебіміздің мерейін асқақтатып жатқанын атап өтті. 


Ол сонымен бірге, мектептегі же­тіс­тіктерді де жан-жақты айта келіп, Республикалық пәндік олимпиадаларда «Үздік мектеп» атанғанымызды, және сол байқауларда жүлдегер атанған  40 оқу­шыға мақтау қағаздарын табыстады. 

Биылғы жылғы түлектер түрлі деңгейдегі білім бәсекесіне қатысып, жақсы жетістіктерге жетті. Сөйтіп, олар еліміздің білім саласындағы беделінің артуына өзіндік үлестерін қосты. Ел ертеңі, ақылына білімі сай тәуелсіз елдің жастары – сендерсiңдер, жас түлектер! Сондықтан да жауапкершілікті терең сезініп, әрқашан сенім биігінен шыға білулеріңізге тілектеспіз!

Қадамдарыңа сәттi сапар, өмiрлерiне құтты қадам тiлейміз!

Вам также может понравиться...