Алматылық оқушыны Пенсильвания университеті оқуға шақырды

Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Алима Тұяқаева Оксфорд және Кембридж (Англия)университеттерімен қатар тұрған әлемге әйгілі Пенсильвания университетінде оқуға ресми шақыру алды.

Алима толық қаржыландыру грантының иегері ретінде Wharton School of Business-те “Бизнес және маркетинг”мамандығы бойынша оқуды жоспарлап отыр. Бұл оқу орны АҚШ бизнес мектептерінің арасында ең алғашқы орында тұр.

Пенсильвания университетінде қазақстандық оқушы жетекші практиктер мен бизнес саласындағы көшбасшылардың дәрістерін тыңдауға, инновациялық нейромаркетингтік зерттеулер мен жетекші компаниялардағы тағылымдамаларға қатысуға мүмкіндік алады. Университеттің түлектер желісіне Илон Маск пен Уоррен Баффет кіреді.

Анасы Алиманың бала күнінен бастап бастамашыл болғанын және мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысқанын, сондай-ақ волонтерлік қызметпен айналысқанын айтты. Ол көптеген олимпиадаларға қатысып, бірінші орындарды иеленген.

Алима осыдан 3 жыл бұрын Пенсильвания Университетіне түсуді мақсат етіп, демалыссыз күні-түні оқыған. Өзінің еңбекқорлығы мен мектеп оқытушыларының арқасында ол танымал оқу орнынан шақырту алды. Анасының айтуынша, Алима еңбекқор, мақсатшыл қыз.

Алматылық оқушы өзінің жеке Instagram аккаунтында ата-анасына, оқытушыларына, достарына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

“Мен бұл университетті не себепті таңдағанымды шексіз тізімдей аламын. Менің әр күнім осы университетке түссем екен деген оймен өтті.. менің университетім бірнеше жыл бойы оқуға түскендерге жіберген хатты жатқа білемін. Бірақ бүгінгі маған келген хаттың мазмұны мүлдем басқаша болды. Конфетти мен «It’s time to celebrate» («Тойлайтын уақыт келді») деген жазуды көргенде, жылап жібердім”, – деп жазды Алима.

2020 жылы Алматылық физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Ардана Әзімова да Пенсильвания университетіне оқуға түскен болатын.

Шырмауық Лигасы – АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы жеті штатта орналасқан сегіз жеке американдық университеттердің қауымдастығы. Лигаға кіретін университеттер жоғары сапалы біліммен ерекшеленеді.

You may also like...