Зияткерлер Асылы Османмен кездесті

21 қарашада мектебімізге еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, қазақ тілінің жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Парасат» және ІІ деңгейлі «Достық» ордендерінің кавалері – Асылы Осман келді. Бейсенбілік қонақты белсенді зияткерлер тобы оқу ордамыздың мол мүмкіндіктерімен таныстырып, арнайы экскурсия өткізді. Таныстыру шарасынан кейін Асылы Әлиқызы мектеп оқушыларына қыз баланың қоғамдағы орны туралы дәрісін арнап, тұлғалық дамудағы ұлттық тәрбиенің рөлі жайында ой өрбітті. Кездесу барысында қоғам белсендісі оқушылардың сұрағына жауап беріп, туған тілді, мәдениетті, салт-дәстүрді сақтауға шақырды.

“Сен – әзірбайжансың деп, мені мұнда ешкім еш уақыт бөліп-жарған да жоқ, кеудемнен итерген де жоқ. Қайта осы уақытқа дейін қазақ менің басымнан сипап, арқамнан қағып, маңдайымнан иіскеп, өз перзентіндей көрді. Сондықтан да, осыншалық қамқорлық жасаған қазаққа менің де қайтарымым болсын деп, оның тілінде сөйлеймін, болмысын насихаттаймын. Әрбір ұлттың адами асыл қасиеті тілі арқылы қонады, тілі арқылы ұялайды, тілі арқылы жұдырықтай жүрегінен орын алады. Әдетін де, ғұрпын да, салтын да адам сол тілі арқылы ғана сақтай алады. Бала қай тілде сөйлеп, қай тілде тәрбиеленіп, қай тілде рухтанса, ақыры сол тілге қызмет ететін болады”.

 

Асылы Осман – Грузия елінің тумасы. Ұлты – әзірбайжан. Қазақстанға небәрі үш жасында қуғын-сүргін жылдары (1944 жылдың соңы) отбасымен бірге көшіп келген. Қазақ тіліне, қазақ ұлтына деген сүйіспеншілікті қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы Жаңаталап ауылында сіңіріп өскен екен.

You may also like...