Caspian Startup – 2021: Жаңаратын энергия көздері бойынша жылдың үздік стартап жобасы анықталды

Ақтау қаласындағы NIS-те «Caspian Startup – 2021» халықаралық стартап-жобалар байқауының қорытындысы шығарылды.

Үшінші «Caspian Startup» байқауының тақырыбы ретінде жаңаратын энергия көздері таңдалды – ұйымдастырушылар жастарды да, кәсіпкерлерді де баламалы энергия көздерімен таныстыру мақсатын ұстанды.

Сарапшылар мен кәсіпкерлерден жиналған конкурстық комиссияның назарына Қазақстан, Әзірбайжан және Түрікменстанның жас зерттеушілері қатысқан 89 жоба ұсынылды. Байқаудың ақтық сынына 15 жұмыс жолдама алды.

– Жылдан-жылға дәстүрлі байқау жергілікті және халықаралық деңгейде сұранысқа ие екенін көрсетіп келеді. Биыл бізге Әзербайжан оқушыларынан 2 жоба және Түрікменстаннан 22 жұмыс келіп түсті, – дейді Ақтаудағы Зияткерлік мектеп директоры Әсел Бейсембинова.

«Caspian Startup» қатысушыларының көпшілігі – NIS оқушылары. Финалға қатысушылар қатарында Ақтау, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Қарағанды және Көкшетау қалаларындағы Зияткерлік мектептердің стартапшыларының жұмыстары болды. Сондай-ақ, республиканың жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары да өз жобаларын ұсынды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді әрбір мақсатшыл оқушыға оқуда және күнделікті өмірде қажетті – бірінші орынға ноутбук, екінші орынға планшет, үшінші орынға смартфон сияқты бағалы сыйлықтар күтіп тұрды. Қатысушылардың стартаптарын жасыл экономиканың трендтік салаларында жастардыің жобаларын құруға және іске асыруға мүдделі Jusan Bank қолдады.

Түрікменстаннан келген оқушылардың идеялары үздік деп танылды. Байқаудың қорытындысы бойынша I орын алған Ашхабад стартапшысы Мердан Ақыжанов жаһандық жылыну мәселесін шешуге көмектесетін мақта сабағынан биоотын өндіруді ұсынды. Жеңімпаздың есептеуі бойынша жобаның жыл сайынғы таза пайдасы 130 миллион доллардан асуы мүмкін. Екінші орын Магомед Максудов пен Шанур Мазыевтің жобасына бұйырды, олар Wi-Fi сигналын бір жарым шақырым қашықтықта ұстап алуға мүмкіндік беретін радио толқындарын құру идеясын ұсынды. Шымкенттегі NIS оқушысы Мухит Бердикул үшінші орынды еншілеген «Clean City» жобасын әзірледі.

Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары үздік стартапшыларға білім гранттарын ұсынды. Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университеті Ақтөбедегі Зияткерлік мектептен Андрей Тимонинді, NIS

Көкшетаудан Диасәлі Кәрімді, сондай-ақ Түрікменстаннан келген «Caspian Startup – 2021» жеңімпазы Мердан Ақыжановты тегін оқуға шақырды. Yessenov University ұсынған білім гранты Ақтау қаласындағы NIS-тен Нұртас Башеевке бұйырды, ал Сафи Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетіне сегіз жобаның авторлары – Зияткерлік мектеп оқушылары Даниал Сагимбаев, Тимур Сапаев, Әсел Ошан, Ерлан Тұралы, Мухит Бердикул және Жаныбек Бозбаев, сондай-ақ Ақтау қаласындағы №10 ЖОББМ-нен Ареф Адай мен Райымбек Орынбай, Әл-Фараби атындағы Көкшетау IT-лицейінен Асылхан Қошанов оқуға шақырту алды. Ақтаудағы Зияткерлік мектептен Ерлан Тұралының «Hydropanel» тақырыбындағы жобасын ECO Waste Aqtau мамандары бағалап, оқушыға планшет сыйға тартты.

Естеріңізге сала кетейік, «Caspian Startup» Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің авторлық жобасы болып табылады.