Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің кітапханасында «Отбасымен бірге оқиық» клубының аясында, 3 қараша күні 8 В сынып оқушылары сыныптастары Нөкен Фатиманың отбасымен кездескен болатын. Әдебиетке жаны құмар отбасы белгілі ақын, жазушы, драматург М.Шахановтың шығармашылығымен бөлісіп, оқушыларға тәлім-тәрбие беретін, тағылымы мол әңгімелерін айтып, ерекше әсер қалдырды. Отбасының екінші перзенті, 11 жасар Рахима М.Шахановтың «Қ.Аманжоловты қабылдамаған адам хақында» өлеңін оқыса, отбасы кенжесі, 8 жасар Сайфрахман «Әке үкімі», «Достық өлкесі» өлеңдерін мүдірмей оқып, көрерменнің жүрегінен ерекше орын алды. Сонымен қатар, Нөкен отбасы өз жанұяларында дәстүрге айналған тізбектеп оқу әдісімен бөлісіп, М.Шахановтың «Ғайша» өлеңін мәнерлеп оқу барысында бірінен-бірі іліп әкетіп, кешті қыздыра түсті. Сынып оқушылары мен кеш қонақтары поэзия кешінен рухани тұрғыда сусындап, отбасы мүшелеріне айрықша ризашылығын білдіріп жатты. Алдағы уақытта мектеп қабырғасында тәрбиелік мәні зор іс-шараларды көптеп өткізу жоспарланып отыр.