7 сынып оқушыларын зияткерлер қатарына қабылдау рәсімі өтті

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7-ші сынып оқушыларын «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығына қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шараға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова арнайы келіп қатысты.

                                                                       

Қабылдау рәсімі аясында балалар оқу ордасының барлық мүмкіндіктерімен танысты. Жоғары сынып оқушылары олар үшін арнайы экскурсия ұйымдастырды. 18 ерікті-гидтен құралған топ жаңа оқушылар құрамын өздері ойластырған маршрут бойынша мектептегі үйірме, клуб, секциялар және элективті курстармен таныстырды. 7-ші сынып оқушылары физика, математика, химия, биология пәндерінің, сондай-ақ робототехника, ракеталық клуб, драма, қышпен жұмыс жасау өнері үйірмелерінің жобаларын тамашалап, TEDx, UNESCO, NeoBilim, MUN, EXPONENTA жобаларын жүргізіп отырған үздік оқушылармен сұқбаттасты. Экскурсияға жауапты 12-ші сынып оқушысы Әли Стамбаев мұндай шараның жаңа келген мектеп буыны үшін маңыздылығы аса зор деп атап өтеді:

«Мектебімізге енді ғана қосылған оқушылар үшін бұл үлкен көмек деп білемін. Олар қаламыздың, тіпті аймақтардың әртүрлі мектептерінен жиналғандықтан, әлі де болса бейімделу процесінен өтіп жатыр. Мұндай таныстыру шарасын біздің, яғни жоғары сынып оқушыларының ұйымдастыруы да өте орынды. Себебі олар өткен жолдан біз де өттік, олардың қазіргі сезімі бізге де таныс. Қажетінше, ақыл-кеңесімізбен бөлісе аламыз».

                                                                     

Биыл Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мектеп табалдырығын аттаған балалар саны 216-ны құрайды. Конкурстық іріктеу негізінде ең жоғары балл жинаған да осы өрендер. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова жас зияткерлер санының еселеп артқанына, сондай-ақ ғылымға деген құлшыныстарының өскеніне ризашылығын білдірді:

«Құрметті оқушылар, Назарбаев Зияткерлік мектептері деп аталатын үлкен жанұяға қош келдіңіздер. Осы сәттен бастап біз бен сіздер бір үлкен командамыз. Бүгін мен көп дүние көрдім. «Қонақ аз отырса да, көп көреді» деген сөз бар халқымызда. Балалардың айтқан сөздері, көрсеткен ғылыми тәжірибелері, енгізген өнертабыс жаңалықтары көңіл қуантады. Сіздер де сондай боласыздар. Біз сіздерге сенеміз!».

                                                                       

                                                                    

Кездесу соңында Күләш Ноғатайқызы Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына, әдістемелік бірлестіктердің жетекшілеріне және әкімшілкке жаңа оқу жылында жаңа табыстар тіледі.

 

You may also like...