Қазақ Ұлттық қыздар Педагогикалық Университетінің студент-магистранттарымен кездесу өтті

29 сәуір Алматы қаласы ФМБ Назарбаев зияткерлік мектебінде Қазақ Ұлттық қыздар Педагогикалық Университетінің студент-магистранттарының қатысуымен,  Қазақстанның мемлекет қайраткері, ғалым, педагог, химия пәнінің мұғалімі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрайымы Шәмшидинова  Күләш Ноғатайқызымен кездесу өтті.

Бұл кездесуге “Назарбаев Зияткерлік мектептері ” ДББҰ” Білім беру бағдарламалары орталығы ” филиалының директоры  Абдильдина Жанар Нурбапашқызы, сондай-ақ “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Кабдыкаримова Жанбота Жетілбекқызы сынды педагогиканың майталмандары қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастармен тәжірибемен бөлісіп, білім берудегі негізгі трендтер мен мәселелерді талқылап, педагогикаға деген талпыныстарын ашу.

Осы орайда Күләш Ноғатайқызы педагогтарға баланың игілігі үшін қоғаммен бірлесе жұмыс жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Баланы оқытуға емес, оқуды үйренуге талпындыру үшін жұмыс жасау керек.

Күләш Ноғатайқызы

Кездесудің басында, жастарға технологиялық үдерістердің дамуына тоқталып, білім сапасы жөніндегі мәселелердің өзектілігі жөнінде презентация көрсетілді. Сәйкесінше жас ғалымдар мұғалімнің қоғамдағы орны қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізіп, оқушыны қалай бағалау, қай бағытта жүру, қандай әдістерді қолдану сынды сұрақтарға толықтай жауап алды.  

Кеш соңында жас ғалымдарға мектеп бойынша арнайы кампус тур ұйымдастырылып, магистранттар тарапынан қонақтарға алғыс айтылды.

«Ертеңгі күні дұрыс білім алмаған балалардың өкпесін көтере аласыңба»,-деген сөз маған қатты әсер етті. Әрбір мұғалім боламын деген магистрант өзіне осы сұрақты қоя білсе, бұл біздің мықты педагог атануға деген мықты мотивация деп ойлаймын және осы кездесуге келіп үлкендердің кеңесін тыңдағаныма өте қуаныштымын.

Андрашева Бұлбұл

 Келешекте осындай кездесулер жиі ұйымдастырылып, жастардың білім беруге деген талпыныстарын арттыруына үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.