
Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 22-26 қараша аралығында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің апталығы өтті.
⠀
Апталық «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» тақырыбында түсірілген бейнероликпен басталып, оқушыларға аптаның шашуы ретінде «бата-тілектер» жазылған тәттілер үлестірілді.
⠀
23 қарашада қазақ тілі мұғалімі Зауре Токтамысова 8М сынып оқушыларымен «Мақал-мәтелдер» сайысын өткізді. Бұл сайыстың мақсаты: екінші тілде оқитын оқушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру.
⠀
Дәл осы күні Қарлығаш Айменбетова және Алмагүл Тлеубаевалардың ұйымдастыруымен “Саятшылық – өмірдің бір қызығы” тақырыбында бүркітшілермен кездесу өтті. Ұлттық құндылығымызды дәріптеп жүрген ҚР-ның құрметті спорт қайраткері, Орта Азиядағы жалғыз бүркітші-анамыз Бағдат Мүптекеқызы мен Данияр Мүптекеевтің құнды ақпараттары оқушылардың жүрегін жаулап алды.
⠀
24 қарашада қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Саягүл Смагулова, Амандық Нөкен және дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Досан Дангылбаев, Қайрат Есембердиев, Ержан Жакашев ұйымдастыруымен «Салауатты өмір салтын» ұстану мақсатында 12-сынып оқушыларымен “Жүзден-жүйрік, мыңнан-тұлпар” тақырыбында кіріктірілген сабақ өтті.
⠀
25 қарашада қазақ тілі мұғалімі-модератор Шынаркуль Арпабекованың жетекшілігімен 10-сыныптар арасында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының қарсаңына орай «Экономикалық интеграция Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына қызмет етеді» деген тақырыпта дебат өткізілді.

26 қарашада қазақ тілі мұғалімі-модератор Қарлығаш Оспанова мен мектебіміздің кітапхана меңгерушісі Рима Зараухаеваның ұйымдастыруымен 7-сыныптарда “Тізбектелген өлең-жырлар” белсенді ойын сабағы өтті. Сабақ барысында оқушылар «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры мәтінімен жұмыс жасай отырып, шығармашылық қырларымен танылды.
⠀
Сонымен қатар, Кулпия Амандосова, Гүлнар Шаяхметованың басшылығымен 7-8-9-сынып оқушылары арасында спираль тәрізді команда құрылып, “Не? Қашан? Қайда?” командалық жарыс өткізілді.