Адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» – деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкіртке сапалы білім беріп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – көптің қолынан келе бермейтін іс. Мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы болып табылады. Өмірде үлкен белестерді бағындырып жатқан тұлғалардың барлығы ұстаздан білім мен тәлім-тәрбие  алған. Менің ұғымымда, ұстаз  берген  тәрбие  әрбір  жанның  өміріне  жол  сілтер  «шамшырақ»  секілді.

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Смағұлова Саягүл Серікболқызы – 2014 жылы алғаш мектебіміз ашылғанда білегін сыбанып, жұмысқа белсене кіріскен ұстаздардың бірі. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеттің түлегі болған әріптесім 23 жылдан бері педагогика саласында еңбек етіп келе жатқан өзіндік ұстанымына нық сенімді ұстаз. Олай дейтін себебім, оқушыларға дәріс беруде ұлттық құндылықтарға басымдылық бере отырып, жеке тұлғаны қалыптастыруда өз ісінің шебері. Оған дәлел, мектебіміз алғаш ашылған жылдары «Сөз өнері» үйірмесін жүргізіп, оқушыларды шығармашылыққа баулып, Абай әлемінің қыр-сырын танып білуге үйрете білді.

 «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…» – деп Әбу Насыр Әл- Фараби айтып кеткендей, оқушыларды әрбір сабақта білім нәрімен сусындатып қана қоймай, адами құндылықтарға баулып, рухани тәрбие беру – менің ұстаздық жолдағы ұстанымым, – дейді өз сөзінде Саягүл Серікболқызы. Бүгінде осындай ұстанымды алға тартып, оқушыларды қазақ тілінен аудандық, желілік, Республикалық олимпиадаларға дайындап, әртүрлі онлайн жарыстарға қатыстырып, шығармашылықпен жұмыс жасап келеді. Халықаралық деңгейде «Үздік әңгімелер жинағы» байқауының І, ІІ, ІІІ диплом иегерлері Ботпай Арман, Нұрымова Аяулым, Орынбек Нұрдана, Кеңесова Алуа сынды оқушылары, кезінде Абайды сомдаған Сағынбай Әлисұлтан мен Тоғжанды сомдаған Қанатова Жанар сынды дарынды оқушылары «Алтын белгімен» мектепті аяқтаса, аудандық олимпиадалардың жеңімпаздары Мамур Мағжан мен Орынбек Нұрдана «Үздік аттестатпен» биылғы жылы 12-сыныпты тәмамдап, үлкен өмірге рухани азық алып қанат қаққалы отыр. 9-сынып оқушылары Нөкен Фатима мен Жанибек Айерке өлең шығарып, фантастикалық жанрда әңгіме жазып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге ат салысып жүрген оқушыларының бірі.

Бүгінгі ақпараттандырылған заманауи технологиялардың қарқынды даму кезеңінде мұғалімдердің де бір орында отыруы мүмкін емес. Сондықтан да болар С.С.Серікболқызы үнемі ізденіс үстінде, мектептің де белсенді өмірінен тыс қалған емес. 2016 жылы ЖББМ  үшін тамыз маслихатында «Қазақ тілін оқытудың жаңа бағыттары» тақырыбында баяндама жасап, «Интербелсенді әдістер арқылы әдебиетті оқыту» шеберлік сағатын көрсетіп, өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Астана қаласында өткен «Қазақ тілін оқытудағы инновациялық бастамалар» ІІІ Республикалық Форумында «Д.Исабеков шығармаларындағы ұлттық құндылықтар» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. 2017 жылы «Эссе жазу дағдысын дамытуда оқушының жеке қабілетін ескерудің тиімділігі» зерттеу тақырыбына байланысты О.Жәутіков атындағы РФМШ мектеп-интернат мұғалімдерімен «Түрлі пәндерден эссе жазу әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар-тренинг жүргізді. 2018 жылы «Исаев оқулары» Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында «Заманауи Зияткерлік мектептерде ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызы» тақырыбында баяндама жасап, ІІ дәрежелі дипломға ие болды.

     Сөз соңында айтарым, С. Серікболқызы алдағы уақытта да Назарбаев Зияткерлік мектебінің талай шәкірттерінің қанатын қатайтып, рухани азық беріп, қоғамға өз үлесін қоса алатын саналы тұлға тәрбиелеп шығаратынына сенімдімін.

   Нөкен Амандық Асанұлы, қазақ тілі пәнінің мұғалімі

You may also like...