НЗМ «Берік отбасын» қалыптастыруды жалғастырады

«Берік отбасы» халықаралық жобасының жаңа кезеңі басталмақ. Бүгін Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жоба тренерлерін дайындауға арналған тренинг басталды. Семинарға UNODC кеңсесінің Қазақстандағы өкілдері, Ұлыбританияның OXFORD BROOKES унииверситетінің аға оқытушысы Дебора Ален, сонымен қатар НЗМ психологиялық қызметінің мамандары қатысты.

«Берік отбасы» — UNODC бастамасымен (БҰҰ нашақорлық және қылмыс басқармасы) құрылып, 35-тен астам әлем елдерінде жетістікке жеткен бірегей жоба.

— UNODC жасөспірімдерге қауіпсіз және игілікті орта қалыптастыру, олардың арасында әлеуметке қарсы және тәуекелшілдік сияқты әрекеттердің алдын алу, отбасылық құндылықтарға құрметпен қарауға баулу сияқты мақсаттарды көздейді, —дейді бағдарламаның Қазақстандағы кеңсесінің өкілі Жанерке Омарова. 
Бағдарлама алғаш рет осыдан үш жыл бұрын Павлодар қаласында пилоттық жоба ретінде бастау алды. Кейіннен республика деңгейінде «Берік отбасы» Зияткерлік мектептермен бірлесіп жұмыс бастады.

Өткен жылы НЗМ кураторларын, психологтарын әлемдегі ең беделді оқу орындарының бірі Oxford Brookes University өкілдері Дебора Ален мен Линдси Кумбс арнайы дайындады. Барлық Зияткерлік мектептерден 240 отбасы, жасөспірім мен ата-ана өзара түсінісіп, араларында сенім орнады.

Жобаның жаңа кезеңінде «Берік отбасы» бойынша төрт Зияткерлік мектепте (Алматы, Семей, Талдықорған, Шымкент қалаларындағы) сертификатталған тренерлер дайындау жоспарланып отыр. Бұл мектептерде қыркүйек айынан бастап жетінші сынып оқушыларын, және олардың ата-аналарын оқыту басталады. Тренингтің басты бөлімдері әр адамның өміріндегі болып жатқан жағдайлар – отбасылық құндылықтарды сақтау, армандардың орындалуы, күйзеліспен күресу, қысымға қарсы тұру, балалардың жақсы әдеттерін ынталандыру, «махаббат пен шектеуді” орнымен қолдану, балалардың нашақорлыққа немесе басқа да зиянды әдеттердің алдын алу сияқты тақырыптарға арналмақ.

You may also like...