Бізге – 5 жыл!

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі бүгін қос мерекені атап өтті. «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны мен білім ордасының 5 жылдық мерейтойы.
Мерекелік салтанатқа Францияның Қазақстандағы Төтенше жəне Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ қатысты. Мәртебелі мейман мектеп ұжымын, ата-аналар мен оқушыларды 5 жылдық белеспен құттықтап, сәттілік тіледі. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен Францияның Қазақстандағы Елшілігі арасында өткен жылы өзара әріптестік туралы меморандум жасалғанын, сол бойынша екі ел арасында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де атап өтті.

 – Осы мектептің оқушыларының жетістіктеріне тәнтімін. Қазақстанның «100 жаңа есімі» атанған Иван Крепак, рекордттық көрсеткішпен Гарвардқа түскен Ақназар мен Селімжандай оқушылар білім алған оқу ордасына келгенімен қуанып тұрмын. Мектепке биік белестер, ал түлектерге сәт сапар тілеймін,-деді месье Мартинэ.

           

Толағай табысқа толы 5 жыл! 2016-2018 жылдар аралығында мектепті 384 түлек бітірді. Бүгінде солардың көпшілігі әлемнің ең беделді 48 жоғары оқу орындарында білім алуда. Атап айтсақ, АҚШ-та 3, Канадада 6, Еуропада 17, Кореяда 14, Гонконгта 25 оқушы НЗМ берген білімді ары қарай жалғастырып жатыр. Аға буынның жолын қуған ізбасарлары да осал емес. Биыл мектеп бітіріп жатқан 245 түлектің бірі Гарвард университетіне түскен Ақназар Қажымұрат.

Harvard University – бірегей әрі екінің бірі қол жеткізе бермейтін бренд. Бұл Зияткерлік мектептің шәкірттеріне қатысты айтылмаса керек-ті. Өйткені, биылғы оқу жылында Гарвард университетінің арнайы грантын осы мектептің тағы бір оқушысы иеленді. Селимжан Чалышкан – Қазақстандағы таланттылар қатарындағы ең жарық жұлдыз іспеттес. Халықаралық дәрежедегі бірнеше медаль иегері биологияда ғана емес, инновациялық жобаларды құрастыруда да феноменальді нәтижеге қол жеткізген.

Түлектердің тағы бірі Иван Крепак – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының бірі болған мектеп мақтанышы. 
Есімі аталған талант иелерінен өзге ғылым, білім, IT технология, өнер, спорт саласында жетістікке жеткен өрендер көп. Бес жылдың ішінде оқушылар 358 ғылыми жобалар байқаулары мен республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысты. 27 алтын, 20 күміс, 24 қола медальдарға ие болды. Соның нәтижесінде 2015 жылдан бері «Үздік олимпиадалық мектеп» атанып келеді. 
Роботқұрастырушылар мен өнертапқыш балаларымыз да әлемдік сайыстарға қатысып, ел мерейін үстем етті. АҚШ та өткен VEX WORLD Robotics Competition чемпионатынан үш жыл қатарынан құлтемір құрастырушыларымыз жүлдемен оралды. Ал, Любовь Дудченко, Бурибаева Малика, Дильназ Камалова мен Дана Ерланова сынды өнертапқыш қыздарымыз бір төбе. 

Биыл екі мыңға жуық үміткер бақ сынаған конкурстық іріктеуде 216 оқушы сыннан сүрінбей өтіп 7-ші сыныпқа қабылданды. 
Елеулі оқиғалардың тағы бірі – 2019 жылдың сәуір айында Алматы ФМБ НЗМ (CIS – Council of international schools) халықаралық аккредиттеуінен өтіп, білім беру жүйесінің әлемдік бәсекеге қабілетті екенін растады.
Мерекелік шарада осы және өзге де жетістіктер айтылды. Үлкен өмірге қадам басқан түлектер де ұстаздарға жүрекжарды ақ тілектерін жеткізді. Күмбірлеген күй, әуелеген ән, мың бұрала билеген бишілердің өнері мереке көрігін қыздырды.

 

 

 

 

 

 

 

You may also like...