«Technovation challenge» байқауында Алматылық Зияткерлер жартылай финалға жолдама алды
Нұр-Сұлтанда өткен халықаралық «Technovation challenge» байқауының аймақтық кезеңінде Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушыларының командасы жартылай финалға жолдама алды.
10-18 жас аралығындағы қыздарға арналған IT сайысқа еліміздің әр аймағынан келген 60 команда қатысты. Жартылай финалға өткен 5 команданың жобасын халықаралық сарапшылар таразылайды. Бағы мен бабы қатар шапқандар күзде Сан-Францискода өтетін финалға қатысады.
Жартылай финалға өткен 5 команданың екеуі Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен. Өнертапқыш қыздардың ұялы телефон қосымшалары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Медициналық және экологиялық мәселелерді шешуге арналған IT инновациялық жобаларды жасап шығаруға бойжеткендер көп ізденіп, еңбектенгендерін айтады.
«Pizzazz» командасының құрамында Эрик Диляра, Алуа Сапарбек, Айнұр Әлкеева, Әсем Қаршыға бар. Квартеттің ойлап тапқан мобильді қосымшасы «ZhanHealth» деп аталады. Бұл SOS-қызмет жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, эпилепсия т.б. ауруларға шалдыққан адамдарға таптырмас құрал. Әсіресе жалғыз қалып, дерті сыр бергенде тез арада батырманы баса қойса жедел жәрдемге «дабыл» хабарландыру түседі. Сондай-ақ қосымшаны жүктеп алғанда ең жақын адамдарымен байланыстырып қою қажет. Сонда олар науқастың геолокациясын бірден анықтайды.
– IT технология алаңында жобамызды қорғадық. 100% дайын жоба ғой, тек жүзеге асырсақ мыңдаған адамға көмек қолын созған болар едік. Осы байқауға қатыса отырып біз арманымызға бір қадам жақындағандаймыз. «Nomad Life» және «Centras Insurance» сынды беделді сақтандыру компаниялары біздің қосымшаға қызығушылық танытты. Қазір келіссөздер жасалып жатыр. Бұйырса әріптестік байланыс орнатып бірге жұмыс істесек деген ниеттеміз, – дейді 10-сынып оқушысы Диляра Эрик.
Екінші команда «CoCo» деп аталады. Дильназ Камалова, Дана Ерланова, Любовь Дудченко және Малика Бурибаева сынды бірнеше мобильдік қосымша ойлап тапқан өнертапқыш қыздардан құралған команда. «TECO» деп аталатын толықтырылған шынайылық бар 3D ойынын жасады. Қосымшаның негізгі мақсаты – адамдардың экологиялық мәселелерге назарын аударту.
– Ойын 3D форматында болғандықтан, оны көріп отырған адам өзі оқиғаның ішінде жүргендей болады. Сондықтан қызығып ойнайды. Басты кейіпкеріміз – ғарышкер. Өзінің жеке планетасын сақтап қалу мақсатындағы әрекеттері бейнеленген. Мобильді қосымшада есептеуіш те болады. Күніне неше рет қоқыс жәшігіне қоқыс салғаныңды есептеп тұрады, – дейді Дильназ Камалова.