Жаныңда жүр жақсы адам         

Жаныңда жүр жақсы адам              

«Мұғалім болу – қызмет емес, Құдай берген міндет…» – дейді Ы.Алтынсарин. Ұлы міндетті мінсіз атқару үшін шынайы мұғалімнің бойында бір-бірімен үйлесім тауып тұратын үш қасиет –  тереңдік, биіктік, кеңдік болуы керек.

   Әріптесім әрі рухани ұстаз – ана ретінде қадір тұтатын Амандосова Күлпия Сейдазымқызы апайым туралы сыр шертпекпін. Күлпия Сейдазымқызы жаратылысынан таза ниетті, ой-өрісі ауқымды, даладай дархан үлкен жүректі ұлағатты ұстаз. Бұлай деп тек мен емес, ұжымдағы қай-қай әріптесіміздің аузынан естуге болатынын нық сеніммен айта аламын. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыратын Күлпия апай қазақ тілі сабағының сан түрлі қыр-сырын одан әрі танып, түрлендіріп,қызықтырып өтеді. Осы тұста  апайдың еңбек жолындағы көптеген жетістіктерінің бірнешеуін  айтып кеткім келеді. Білім беру барысында ұстаз шәкірттерін алуан түрлі байқауларға дайындап қатыстырумен қатар өзі де түрлі байқау, семинар, коучинг, конференцияларда шеберлік сағатын өткізіп, баяндамалар оқып тұрады. Соның бірі Абай атындағы ҚазҰПУ-де «Дуальді-бағдарлық білім беру жағдайында мектеп -колледж – жоғары оқу орны іс-әрекетінің интеграциясы»  тақырыбында  өткен  Ғалымдар мен мұғалімдердің І республикалық конференциясындағы еңбегі /оқушыларды апарып жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ өткізу, үздік сабақ жоспары/.  Нәтижесінде  “МҰҒАЛІМ-ҒАЛЫМ” номинациясы,   І ДӘРЕЖЕЛІ ДИПЛОМ. СЕРТИФИКАТ. Күлпия апай ЖОО, ПШО-мен бірлесіп ұйымдастырылатын НЗМ-тері  тәжірибесін тарату іс-шараларына белсенді атсалысушылардың бірі. Мәселен 2018 жылдың 25-29 маусым аралығында Алматы менеджмент университетінде «Мектеп ұжымының басқарушылары мен мұғалімдерінің өзгерісі, жаңа әдістер мен технологияларды оқыту» тақырыбында өткен мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсында дәріс берді. Шеберлік сағатын өткізді. Жас мамандардың жан дүниесіне нұрлы шуақ түсіріп, адам болып қалыптасуына жол сілтеген, адамгершілікке баулыған Күлпия Сейдазымқызы бейнесі көңіл төрінен ерекше орын алады.

     Ең алғаш Назарбаев Зияткерлік мектебіне жұмысқа келіп, танысқаннан кейін Күлпия апайдың басқаға ұқсамайтын, өзіне ғана тән бір қасиетін аңғардық, ол: «Алтыным менің»,- деген сөзді мейірлене жиі айтатыны еді. Міне, содан бері бесінші жыл әр таңда жұмысқа келген сайын ет жақын баласына мейірім шуағын төккен анадай күлімсіреп «қалайсың, балам? қалайсың алтыным менің?» деген сөзімен қуат беріп, жұмысқа көтеріңкі көңіл күймен кірісіп кетуімізге себепші болып келеді. Апайдың оқушыларға өз білгенін үйретудегі бай тәжірибесі мен әдіс-тәсілдері қазіргі жаңашыл  оқытудың әдіс-тәсілдерімен ұштасып жатыр.

  Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім  барлық  мамандық   иесін  тәрбиелейтін,  оқытып  үйрететін  мейірімді абзал  жандар.  «Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  демекші, ұстаз  алдынан  тәрбие  алмайтын  жан  жоқ. Ұстаз  берген  тәрбие  әрбір  жанның  өміріне  жол  сілтер  шамшырақ  секілді. Ғылым  иесі  ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан  да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  бәрі-бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алған. Осы аталған мамандық иелеріне Күлпия Сейдазымқызының  жол сілтеп, шамшырақ болғаны тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Әрбір соңғы қоңырау кезінде Күлпия апайға құшақ-құшақ гүлдерін көтеріп келіп, ұстазына рақметін жаудырып жатқан шәкірттерін жиі көреміз. Сырттай қызыға да, қызғана да қарап тұрамыз. Ал ата-аналардың ұл-қыздарының жүрегіне жол тауып тіл үйреткеніне ризашылығын жыл соңында « Соңғы қоңырау» салтанатты жиынында тапсыратын Алғыс хатынан көреміз

Күлпия Сейдазымқызының бойындағы өз ортасына, өз мамандығына адалдығы әр ісінен айқын көрінеді. Ол кісінің орайына қарай өз ойын оралымды тілмен жеткізер сөзге шеберлігі, айтқан пікіріне елді ұйытар шешендігі дәлел бола алады, сондықтан Күлпия апай барлық мәселеде өз ой-пікірін бүкпесіз, ашық та батыл ортаға салады. Күлбілтеленген күңгірттікті, көлегейленген көмескілікті жаны қаламайды. Қандай ортада қандай мәселеде болсын ешқашан асығыстыққа, не нәрсенің де байыбына бойламайтын байбаламшылдыққа жол бермейді. Сана сүзгісінен өткен сара сөзін өз орнымен, жолымен жеткізуді жөн көреді. Мұғалімге қажетті шәкірт жүрегіне жол ашар жылы сөз де, көңіл көкжиегін кеңейтер ақылды пікір де, тыңдаушысының көкейіндегісін дөп басар дәл әрі дәйекті тұжырым да өзіне деген тыңдарманның сенімін нығайтып, беделін асқақтата түседі, сондықтан да  айтқан сөздері мазмұнының тереңдігімен, пікірінің нақтылығымен, шешімінің айқындығымен, оны жеткізу шеберлігімен орайласып жатады. Осы қасиеттері оны жүрген ортасында, ұжымы алдында шынайы құрметке ие етіп келеді. Баламен де, данамен де тіл табысуының сыры –  Күлпия Сейдазымқызының ұлықтық пен кішіктікті тал бойында тоғыстыра алатын қасиетінде, ешкімді жатсынбайтын көңіл кеңдігінде; пенделіктен биік тұратын кемелдігінде.

Елбасының «Шығармашыл тұлға – өзі үйрене жүріп, өзгені де  үйрете алады» деген сөзі басты мақсатқа айналып, оқушыны дамушы тұлға ретінде жетілдіруге, дамытуға толық көңіл бөліп келеді. Оқушыға жүйелі білім берілгенде ғана жеке тұлғаның танымы кеңейе түседі, сондықтан да Күлпия апай оқушыларды білім жүйесімен, іскерлікпен, дағдымен қаруландырып қоймай, олардың танымдық, шығармашылық қабілетін дамытуға баса назар аударады. Осы қағидаларды басшылыққа алып, жеке тұлғаны жетілдіруде жемісті еңбек етіп келе жатқан әріптесіміз, Күлпия Сейдазымқызы, өз шәкірттерінің талабына қанат бітіріп келеді. Шәкіртінің бейіміне қарай қызығушылығын аша білу, бұл нағыз ұстаздың шеберлігін танытады, яғни Күлпия Сейдазымқызын шебер ұстаз деп бағалауға болады.

Күлпия апай жас мамандармен сөйлесе қалса, «оқушыларды ойшыл, епті, ерікті, сезімтал етіп тәрбиелеу керек» деп үнемі кеңесін беріп жүреді. Күлпия Сейдазымқызы – «Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып шашырауы керек, сонда ғана шәкірттің ұстазға деген сыйластығы арта түседі. Тәртіпке бағынған шәкірт ешқашан құл болмайды,» – деп айтудан жалықпайтын ұлағатты ұстаз.

Бір-бірімен үйлесім тауып тұратын үш қасиет –  тереңдік, биіктік, кеңдік Күлпия Сейдазымқызының бойынан табуға болатын шынайы мұғалім.

НЗМ мұғалімі Айменбетова Қарлығаш Тұрлыбайқызы

 

 

You may also like...