Алматылық оқушылар робот құрастырудан жеңімпаз атанды

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Лондонда өткен робототехника жəне инженерлік жобалар сайысында жеңімпаз атанды.

Тұманды Альбиондағы жарысқа Қазақстан атынан Назарбаев Зияткерлік мектебінен екі команда қатысқан болатын. «VEX Robotics Competition» – әлемдегі беделді жарыстардың бірі. Бұл сайыс дүниежүзінің 50 елінде өтеді. Ұлыбританиядағы білім додасына  32 топ түсті. Бірінші кезең «Skills challenge» яғни, жекелей сын деп аталады. Бұл жерде қатысушылар жылдамдық пен басқару бағдарламасының жоғары деңгейін көрсетулері керек. Осы жарыста қазақстандық екі команда финалда кездесіп, ұлдар бірінші, ал қыздар командасы екінші орынды иеленді.

Бақтияр Теміров, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы: – Skills номинациясында бір робот жалғыз өзі алаңда ойнайды. Және де өзінің потенциалын көрсетеді. Яғни қанша очко жинай алатынын көрсетеді. Және де осы номинацияда біздің робот ең мықты болып табылды.

Жұптық сайыста Бақтияр Теміров пен Жәнібек Манабаевтың роботы екінші орынға ие болды. Бақтияр роботтың сыртқы әлпетін жасаса, бағдарламасын досы Жәнібек жазған. Жасөспірімдерге  аздап сәттілік жетпей қалыпты.

Бақтияр Теміров, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы: – Осы турнирде яғни ойын алаңында 4 робот болады. Біз финалға дейін барып, бірақ финалда біздің альянста болған партнер робот төңкеріліп, біз жалғыз өзіміз екі роботпен ойнадық. Сол себепті ұтылып қалдық.

Тағы бір айта кететін жәйт Қазақстан атынан барған қыздар командасының роботы ең үздік дизайны үшін төрешілер қолынан Judges Award сыйлығын алды.

Том Лум, Назарбаев зияткерлік мектебі робототехника пәнінің мұғалімі: – Жарыста қобалжитын сәттер көп. Аяқасты роботаңызға бірнәрсе болып қалуы мүмкін. Ондайда жылдам әрі дұрыс шешім қабылдап, роботты жөндеу керек. Өзіндік стратегия жасап, өзге командалармен жұмыс істеп үйрену қажет. Бұл жарыс жастарды шыңдайды. Біздің ұлдар мен қыздар жақсы нәтиже көрсетіп, үздік командалармен тең екенін дәлелдеді.

Ақпан айының соңында елімізде робототехникадан «VEX Robotics» республикалық жарысы өтеді. Лондоннан жүлделі оралған оқушылар сол сайысқа қатысады. Сол сынақтан сүрінбей өтсе АҚШ-та өтетін VEX-тің ең ауқымды әлемдік жарысына жолдама алады. Авторлары: Ұлан Нарынбек, Нұрдәулет Жақсыбаев

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/bilim-zh-ne-ylym/item/296177-almatyly-o-ushylar-robot-rastyrudan-zhe-impaz-atandy?fbclid=IwAR0Sk8aAJS097Vrj4iZMQYlPhXNGe-1PzxhjhfUXBNiJfsvptOYDBmTBIjw

Источник: https://24.kz/ru/news/obrazovanie-i-nauka/item/296206-ucheniki-nazarbaev-intellektualnoj-shkoly-vernulis-iz-londona-s-pobedoj?fbclid=IwAR0ks-VcirOdWC_7wO7Tw8NtUABXi1l1GdrF3pQdG_LpXteQRscjvt5NBAM

You may also like...