Үш жасынан техникамен әуестене бастаған алматылық оқушы бірнеше мобильдік қосымша ойлап тапты

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының бірі Иван Крепак 3 жасынан бастап техникамен әуестене бастаған, деп хабарлайды «Хабар 24». Ал жеті жасында еліміздегі коммерциялық банк өнімінің жарнамалық дизайнын жасап беріп, алғашқы қаламақысын алған.

Иван Крепак Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сыныбында оқиды. Физика-математика бағытындағы бұл мектепке ол 2014 жылы түскен. Мектепте робототехника үйірмесі ашылды дегенді естіп, қатты қуанады. Алғашқылардың бірі болып емтихан тапсырып, сыннан сүрінбей өтеді.

Иван Крепак, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы: – Мен жасаған мобильді қосымшалардың бірі «bLock» ақылды құлып деп аталады. Бұл – смартфон арқылы басқарылатын құлып. Мысалы, шкафыңызды смартфон арқылы құлыптап немесе ашып тұрсаңыз болады. Осы мобильдік қосымша тек оқушыларға ғана емес, жалпы кез келген адам үшін де пайдалы.

Иванның еңбекқорлығы мен оның ғылымға деген қызығушылығы өзгелерге үлгі. Ол танымал болуды емес, қарапайым азаматтарға, өзі өмір сүрген қоғамға пайда келтіруді ойлайды. Иванның «Voice-Komek» деп аталатын мобильдік қосымшасы – соның дәлелі. Ол ым-ишара тілін білмейтін адамдар мен мылқау жандардың арасындағы кедергіні жоюға арналған. Қосымша мәтінді дыбыстық импульске және керісінше дыбыстық белгілерді мәтінге айналдыра алады. Тағы бірі – оқушыларға арналған «Zharys» мобильдік қосымшасы.

Иван Крепак, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы: – «Жарыс» деген не? Жарыс жастар, студенттер, мектеп оқушылары үшін. Оқушылар мобильдік қосымшаға кіреді. Әртүрлі конференцияларға, олимпиадаларға тіркеледі. Иван Крепак «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атануын үлкен абырой деп санайды. Елордада Елбасымен жүздесіп қайтқан алматылық оқушы бұл мәртебенің жауапкершілігі де салмақты екенін айтады. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов

Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/297291-sh-zhasynan-tekhnikamen-uestene-basta-an-almatyly-o-ushy-birneshe-mobildik-osymsha-ojlap-tapty?fbclid=IwAR29gSx6szrgQvKMdPkkypFPj_sWsO4miJ8nLR7RpZE-Uq86s9Z0u7cv2wQ
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz

You may also like...