Жұлдызды түлектер

Жұлдызды түлектер

Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектеріне арналған салтанатты кеш өтті.

«Жас түлек-2019» деп аталған шара барысында мектеп директоры Күлфарида Раисова, мұғалімдер мен ата-аналар үлкен өмірге қадам басқан түлектерді құттықтап, ақ жол тіледі.

Биыл мектепті 244 оқушы бітірді. 18 түлек «Алтын белгі» иегері атанып, кеуделеріне жарқыраған төсбелгі тақты. Тағы 18-і ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды.

Жұлдызды түлектердің көшін Гарвард университетіне 100% грантпен түскен Ақназар Қажымұрат пен Селімжан Чалышкан бастап тұр. Ұлыбритания корольдігінің Лондондағы King’s College London колледжіне қабылданған Амина Игенбек те мектеп түлегі. Бұлардан өзге тағы 60-қа жуық зияткер әлемнің және еліміздің беделді университеттерінің толық және жартылай грантына ие болды. Түлектердің тағы бірі Иван Крепак – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының бірі болған мектеп мақтанышы.
Есімі аталған білімділерден өзге ғылым, IT технология, өнер, спорт саласында жетістікке жеткендері көп. Талай ғылыми жобалар байқаулары мен халықаралық олимпиадалардан жүлдемен оралған кешегі оқушы бүгінгі түлектер. Бүгінгі кеште әрқайсының жетістігі айтылып, жұртшылыққа кеңінен таныстырылды.

Салтанатты шара соңында түлектер ұстаздарымен бірге әуелете ән шырқап, жүрекжарды ақ тілектерін жолдады.

You may also like...