Ұстаздық – ұлы қызмет

Ұстаздық – ұлы қызмет

 «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет».  Бала тәрбиесі — үлкен ғылым, маңызды іс. Тәрбиенің бастапқы әліппесін бала отбасында алатыны сөзсіз. Дегенмен, білімді, саналы, жан-жақты, әдепті ұрпақ тәрбиелеуде  ұстаздың алатын орны ерекше деп ойлаймын. Әсіресе, бүгінгі заманның ағымында көптеген ата -аналардың балаларына уақтылы және қажетті көңіл бөлу мүмкіндігінінің жоқтығын байқауға болады. Міне, осы кезде жас ұрпақтың жанынан ақылшы — мұғалімнің табылғаны бір ғанибет қой. «Таңдаған мамандығының қыр-сырын жан-жақты түсініп, еңбекке деген ерекше ынтызарлығын нақты істер арқылы көрсетіп, үлгі болып, шәкірттерінің жанына  нұр құя білген ұстаз — Алмат Нартайұлы деп білемін.

«Жас келсе-іске» демекші, тәлімгерліктің бірінші күнінен бастап сынып оқушылары, шаңырақтағы балалар арасындағы ауызбірлікті, бауырмалдықты дарытып, балалардың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіре білген жарқын жүзді, жайсаң мінез жас жігіттің істеген істеріне тек сүйсінумен болдық. Содан болар, ата-аналар арасында да өте жақсы қарым-қатынас орнығып, мектеп пен шаңырақтың іс-шараларына балалармен бірге ат  салысудан қол үзбедік.

Белгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Оқушылардың ең сенімді  ұстазы, сыр жасырмай ашық  айтатын адамы – мұғалім» деп айтқанындай, Алмат Нартайұлы бой жетіп  қалған ұл-қыздарымыздың сырларын сақтап, ағалық ақыл-кеңесін беріп,қуаныш пен реніштерін бірге бөлісіп, оң бағытқа жол сілтеп, қол ұшын соза білетін қамқор жан. Оқушыларына  тариx пәнінен түсінбеген тақырыптарын түсіндіріп, емтиxанға дайындықта көмегін аямай, жүректеріне сенім ұялатқан да біздің Алмат ағайымыз. Абзал ұстазға деген алғысымыз шексіз. Бүгінгі күні  «Өмір» атты үлкен жолға аттанған шәкірттері Алмат ағайларын әрдайым іздеп, xат-xабар үзіспей, кездесу сәттерін асыға күтіп жүреді. Болашақ ұрпаққа осындай абзал ұстаздар білім мен тәрбие берсе, еліміздің тағдыры сенімді қолда деп ойлаймын.

Белесбаева Альфия Белесбайқызы

2016,2018 жылғы түлектердің анасы

You may also like...