Ұстазым менің, ұстазым!

5 жыл бұрын Алматы қаласында физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. Менің балама осы мектепте оқу бақыты бұйырыпты.Тау самалы бетіңді нәзік сипаған, биікте орналасқан әсем мектеп бәрімізді қуантты. Жаңадан салынған оқу ғимараты, керемет орта, өзгеше білім беру әдістемелерімен ерекшеленді. Әсіресе  ұстаздар қауымы сараланып таңдалған екен. Солардың ішінен география пәнінің мұғалімі Баян Әскербекқызын ерекше атап өткім келеді. Ұстамды, білімді, әр оқушының жүрегіне жол таба білетін шебер ұстаз. Балам орыс сыныбында оқыды. Олар география пәнін қазақ тілінде оқыды. Сондықтан бұл пән бізге 1-ші сыныпқа келгенмен бірдей болды. Үйде баламызбен бірге сабаққа дайындалатын едік. Бірақ қанша үйде дайындалғанмен, мектепте ұстаздың бағыт-бағдарының, бейімдеуінің, білімге деген құштарлықты арттыруы үстем болмаса,  оқушыға пәнді алып кету қиынға түсер еді. Міне осы жерде Баян Аскербекқызының орны ерекше болды.

Баян Әскербекқызы әрбір балаға өзінің ішкі ойын, біліммен ұштастырып жеткізе білуді уйретті. Сөйтіп 5 жылда әрбір оқушы өз ойын қазақша ойлап қана қоймай, оны жазбаша жеткізе білетін дәрежеге жетті. Бұл ұстаз бен шәкірттің интеллектуалды тандемі еді. Баян апай жалғыз өз пәнін жеткізумен шектеліп қалмады, ол жаз айларында, яғни демалыс уақытында да балаларды  саяхатқа шығуға баулыды.

Соның бірі 2 жыл қатарынан біздің мектептің оқушылары үшін  экспедиция саяхатты , 10 күндік мерзімге, табиғат аясында қиындықты жеңіп, төзімді болуға бағыттайтын сапарлардың ұйымдастырылуы. Бұл теңдесі жоқ жоба болды. Атап өту керек жобаның тегін болғандығын. Оның бәрі Баян Әскербекқызының тікелей ұйымдастыруының арқасында мүмкін болды. Балалар Іле Алатау   бөктерінде, шатқалдардарда саяхатта болды.10 күн бойы тау мен тасты тамашалап,көптеген мағлұматтар жинады.Олар шатыр қүрып, жинауды, тауда тамақ пісіруді,  саяхатшылар үшін құнды  тауда жүру ережелерін үйренді. Ал жақында Баян Әскербекқызының ұйымдастыруымен біздің мектептің оқушылары,ұстаздары, ата-аналары тағы бірнеше саяхатқа шықты.

Сиқырлы да, таңғажайып Әнші құм, Алтын емел, Көшпенділер қалашығы, Будданың бейнесі қашалған Тамғалы тас, қырмызы жусаны аңқыған Түрген шатқалы, Сақ қорғандары, Шарын шатқалы,самалы еркелей соққан Есік көлі. Міне осылардан кейін ұстаздың бейнесін өзіңіз де ерекше жанға теңейсіз. Теңеп қана қоймай, мойындайсыз, бір адамның бойында тамаша-тылсым әсемдіктің, биіктіктің, білімділіктің жиналғанын. Керемет!. Баян Әскербекқызы біз сізді мақтан тұтамыз, балаларымыздың сіздей ұстаздан тәлім алғанына,рахмет сізге, ұстаз!

 

 

 

Құрметпенен, Қалимаш Бердібайқызы

You may also like...