Көшбасшылар форумы

Көшбасшылар форумы

«Менің жолым және елімнің болашағына қосар үлесім». Осындай атпен Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде көшбасшылар форумы өтті.

Зияткер өрендер тәлім алып жатқан мектепте көшбасшылар жетерлік. Бүгін сол кіл мықтылардың бірқатары форум спикерлері болды. Бақтияр Теміров,Жәнібек Манабаев пен Жәңгір Сирановтар құлтемір құрастырудың шеберлері. Робототехниктердің әлемдегі ең беделді чемпионаттарының бірнеше мәрте жеңімпаздары. Азамат Атабаев пен Селімжан Чалышкан ғылыми жобалар мен инновациялық байқау жүлдегерлері. Любовь Дудченконың жетістіктері тіптен көп. Робототехникамен айналысады, бірнеше мобильдік қосымша ойлап тапқан. Халықаралық сайыстардан талай рет бас жүлдемен оралған. Наргиз Асқарбекқызы – республикалық Л. Эйлер атындағы математика олимпиадасында үздік атанған оқушылардың бірі.

Халықаралық және республикалық байқаулар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздары өз жетістіктерімен және жоспарларымен бөлісті.

Көшбасшылардың жетістіктері мен табыс сыры өзге оқушыларға үлгі. Соларға қарап бойы түзейді, ой түзейді. Лидерлік қабілеттерін шыңдауға айтарлықтай әсер етері де сөзссіз. Сондықтан төменгі сынып оқушылары тарапынан қойылған сұрақтар да  көп болды. Форум соңында спикерлер “тек біліммен ғана биік шыңды бағындыруға болады. Ол үшін тек оқу керек. Ел болашағының тізгіні жастардың қолында”, – деді.

You may also like...