Шахматтан оқушылар арасында өткен қалалық спартакиада аяқталды

Шахматтан оқушылар арасында өткен қалалық спартакиада жеңімпаздары белгілі болды.

Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 5 жылдық мерейтойына орай өткен спартакиада өз мәресіне жетті. Екі күн бойы 7 мектептен келген команда өзара сынға түсті. Жарыс шахматтың ең жылдам түрінен өтті, сондықтан «жылдам қадам» жасау басты талап болды. Төрешілер сайыстың тартысты өткенін айтады. Өйткені қатысушылардың бәрі тәжірбиелі спортшылар. Қалалық, республикалық, әлемдік додалардан топ жарған чемпиондар. Солардың бірі – Айша Зәкірова. 8 жасар әлем чемпионы М. Ганди атындағы №92 мамандандырылған мектеп-лицейінде оқиды. «Тактика мен стратегияны білмей жеңіске жету қиын. Әр жүріске мұқият болу керек. Кейде шахматшылар қарапайым осы қағиданы сақтамай, жеңіліп жатады»,-дейді Айша.

Ал турнирдің ең кішкентай қатысушысы – Ернияз Сұлтан. Жеті жасар шахматшы қалалық және республикалық жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері атанған. Еңбегінің нәтижесі 2-ші разрядқа жеткені. Зерек бала шахматты әкесінен үйренгенін айтады. Ал алты жасынан кәсіби меңгеруді қолға алыпты.

 

Спартакиаданың жабылуына  шахматтың барлық түрінен әлемдік рейтинг орнатқан, әлем чемпионы – Жансая Әбдімәлік қатысты. Спортшыларға сәттілік тілеп, өз тәжірбиесімен бөлісті.

  • Соңғы жылдары шахматқа ден қойған балалардың саны артып келеді. Әсіресе кішкентайлардың қызығушылығы ерен. Бұл қуантарлық жағдай. Алматыда менің атымда екі академия жұмыс жасайды. 600 дей оқушы шахматтан білімдерін жетілдіруде. Мұнда шет елден арнайы шақыртылған бапкерлер сабақ өткізеді. Болашақта академияны тәмамдаған шахматшылар әлемге танылады деп сенемін. Ал бүгін осы спартакиаданы ұйымдастырған мектеп ұжымына алғыс айтамын. Осындай жарыстар балаларды шыңдай түседі және үлкен сайыстарға жол ашады, – дейді Жансая.

Жарыс нәтижесінде; 1 орынды республикалық физика-математика мектебі, 2 орынды М. Ганди атындағы №92 мамандандырылған мектеп-лицейі және 3 орынды физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі қанжығалады.  Жүлдегерлерге арнайы кубок пен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

 

 

 

 

 

 

You may also like...