Бангкоктан жеңіспен оралды

Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің оқушылары Бахтияр Темиров пен Тамирлан Жармагамбетов Тайландта өткен “Battle of Bangkok” халықаралық робототехника жарысында 1-орынды иеленді. Жарыс 50 ұлттың өкілдерін қамтыған 1500-ден астам оқушысы бар халықаралық NIST International School мектебінің базасында өтті. Робототехника біріншілігіне 21 ел қатысты.

Зияткерлік мектеп оқушылары VRC категориясында жеңімпаз атанды. Бұл – Темиров Бахтияр мен Жармагамбетов Тамирланның алғашқы жеңісі емес. Жас шамаларының кішілігіне қарамастан, жас өрендердің робототехника бойынша ірі біріншіліктерде жинаған тәжірибелері мол. Өткен жылдың жазында Зияткерлік мектептер командасының құрамында олар Вашингтонда өткен First Global Challenge-дің үздік ондығына кірген. Сонымен қатар олар былтырғы жылы робототехникадан Кентукки штатындағы (АҚШ) Луисвилл қаласында өткен “VEX WORLD Robotics Competition” біріншілігінде Қазақстанның намысын қорғады. Ал әлем біріншілігіне жолдаманы оқушылар робототехника бойынша Еуропадағы ірі фестивальдердің бірі “Робофест-2017” фестиваліндегі керемет жеңістерінің арқасында қол жеткізді. Мәскеуде өткен бұл шарада Ресей, Белоруссия және Қазақстанның 65 аймағынан 5000 қатысушы бақтарын сынаған.

You may also like...