Ұлы Жеңіс күні “Шаңырақ” сағатында атап өтілді

3-8 мамыр аралығында мектебімізде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мересіне орай «Шаңырақ» сағаты өтті. 7L және 8N сыныптарының кураторы Аружан Уәлиханның ұйымдастыруымен өткен шараға 50-ге жуық оқушы қатысты.

«Кураторлық сағат мен үшін мазмұнды және қызықты өтті. Қазақстанның жеңіске үлкен үлес қосқаны, соғыс жылдарында шамамен әрбір бесінші қазақстандық майданға аттанғаны секілді көптеген жаңа факт білдім» – дейді 7 сынып оқушысы Ксения Видюкова.⠀ 

«Шаңырақ» сағаты барысында Ұлы Отан соғысына қатысты сұрақтардан викторина ойыны ұйымдастырылды. Маңызды даталарды еске түсіріп, оқушылар елдің ертеңі үшін жан қиярлыққа барған ардагерлерге құрметін көрсетті.⠀

Расымен, 9 мамыр Ұлы Жеңіс мерекесінің әр отбасы үшін ыстық екені сөзсіз. Өйткені сұрапыл соғыс бірде-бір жанұяны айналып өтпеді. Әр отбасында соғысқа қатысып, жеңіспен оралған немесе ерлікпен қаза тапқан ата-әжелері бар. Сол себепті бұл жеңіс – еркіндікке қол жеткізіп, келешектің кемеліне сенім арттырған жеңіс, ардагерлердің жеңісі, ата-апаларымыздың жеңісі, сұрапылдарды сабырмен жеңе білгендер жеңісі.⠀

Алматылық  NIS оқушылары жылдар бойы сұм соғысқа шыдай білгендерді жылына бір рет емес, күн сайын, сағат сайын құрметке бөлеуіміз парыз екенін жақсы біледі.

You may also like...