Стэнфорд Университетінің профессоры Назарбаев Зияткерлік Мектептеріндегі “Шаңырақ” қауымдастығының мазмұнын ұнатты

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Стэнфорд (АҚШ) Университетінің Халықаралық дайындық бағдарламалары орталығының атқарушы директоры, философия және математика ғылымдарының докторы әрі осы пәндердің дәріскері Рик Соммермен кездесті.

Қонақты мектептің тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған экскурсия барысында Рик Соммер «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының мазмұнын ұнатып, аталмыш жүйенің халықтық символизмін ерекше атап өтті. Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі бұл қауымдастықтың негізгі идеясы – жоғары сынып пен төменгі сынып оқушылары арасында бауырмалдық, қамқорлық қарым-қатынасын қалыптастыру.


Мәжіліс залында өткен кездесуде Рик Соммер математика, есептеу техникасы және философияның өзара байланысын түсірдіріп, осы салалардағы өзіндік тәжірибесімен бөлісті. Әңгіме барысында ол жасанды интеллект тақырыбына да тоқталып, компьютерлік ғылымның бұл бағыты қандай салдарға әкеліп соқтыруы мүмкіндігі туралы түсіндірді. Сондай-ақ, қонақ оқушылардың Стэнфорд университетіне оқуға түсу жайлы сауалдарына жауап беріп, мамандық таңдау бойынша практикалық кеңестерін берді.

You may also like...