Алматылық NIS оқушысы Ерсұлтан Пітебай астрофизика және астрономиядан Халықаралық IOAA Олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды

Ерсұлтан Пітебай

Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Пітебай IOAA (International Olympiad on Astronomy and Astrophysics) астрофизика және астрономия бойынша Халықаралық олимпиаданың алтын медаль иегері атанды.

Беделді турнирде Қазақстан намысын Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушылары Ерсұлтан Пітебай мен Әкежан Тұрсынқан қорғады. Олар 7-сыныптан бастап директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Айжан Мансурованың жетекшілігіндегі астрономия және астрофизика үйірмесіне қатысады.

International Olympiad on Astronomy and Astrophysics төрт кезеңде өтті. Теориялық турда қатысушылар астрономияның төрт саласын қамтитын және физиканың ғарыштық аспектілеріне арналған мәселелерді шешті. Бақылау кезеңінде жұлдызды аспан туралы білім сыналды. Практикалық тур барысында мәліметтерді өңдеуге негізделген есептер ұсынылды. Сондай-ақ әр командаға олимпиада барысында шешуге тура келетін зерттеу мәселесі жүктелді. IOAA қорытындысы максималды баллдар саны бойынша шығарылды.

IOAA (International Olympiad on Astronomy and Astrophysics) мектеп оқушыларының астрономия мен астрофизикаға қызығушылығын арттыру мақсатында 2007 жылдан бері өткізіліп келеді.14-ші олимпиада Колумбияда қашықтан ұйымдастырылып, 49 елден 300-ге жуық жоғары сынып оқушылары Боготамен тікелей байланысқа шықты.

You may also like...