Бір үзік сыр

Бір үзік сыр

Мұғалім мамандығын тандап, еңбек еткеніме 22 жыл өтіпті.Осы жыл аралығында оқушылармен жұмыс жасай отырып, өзім де ізденіп, білімімді шыңдап келемін.  Мұғалімнің жұмысы күрделі екендігі баршаға аян. Бүгінгі сабақты өткізген соң, ертеңгі сабаққа тың ой, жаңа идея, өзгеше әдіс-тәсілмен келу керек.  Елбасымыздың саясатының арқасында қаншама мұғалім білім саласында жаңа жүйеде білім беруге жол ашты. Зияткер ұрпақты тәрбиелеп, білім беру, оларға жаңа жол сілтеу мен бойындағы дарынды қабілеттерін дамыту мақсатында Назарбав Зияткерлік мектептері ашылды. Алғаш мектеп туралы естігенде «Мұнда оқитын оқушылар қандай болады екен? Оларға білім беретін ұстаздар ше?» деген сұрақтар мені қызықтыратын. Алматы қаласында физика-математика бағытында Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылады дегенді естігенде қызығушылығым одан сайын арта түсті. Сонымен, ғаламтордан түрлі ақпараттарды іздестіре отырып, конкурсқа қатыстым. Бағыма қарай, мен НЗМ-ге қабылдандым. Әрине, алғашқыда қорқыныш болды. Сабақ беру тәсілі, критерийалды бағалау, қазақ тілі пәніндегі тақырыптардың өзгешелігі сияқты маған тың дүниелер алдымнан жұмбақ болып шыға келді.  Бұл жұмбақтың шешуін практика жүзінде тапсырмаларды орындауда таптым десем де болады. Білім берудің әртүрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылым мен тәжірибеге негізделген жаңа идеялар мен жаңа инновациялық технологияларды зерттеп, оны өз іс – тәжірибемде қолдану арқылы оқу – тәрбие процесінде шығармашыл білімді тұлғаның дамуына жол ашылғандығын байқадым. Біздің дамып жатқан заманда өсіп келе жатқан ұрпағымыздың ой –санасы сыни тұрғыдан ойлауының дамығаны соншалықты –  өзім ойламаған нәрселерді айтып, күтілген нәтижеден де жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрдім. Назарбаев Зиткерлік мектебі мені өзіне осы  жағдайлар арқылы тарта білді. Күн сайын білгеннің үстіне біле түстім, білгенімді басқалармен қуана бөлістім. «Бұрын ше? Қандай едім? Қазір қандаймын?» деген сауалдарды өзіме жиі қоятын болдым. Бұл мектептің маған берері мол асыл қазына болды.  Мені қайта тәрбиеледі, мені деймін-ау, көпшілігін тәрбиеледі,көзқарасымызды өзгертті,  бір отбасының мүшесіндей жұмыс жасауға баулыды. 

   Мен үшін қызық болғаны  әрі еліміздің мектептеріндегі шешімін таппаған мәселелердің бірі бағалау процесі болды. Мұғалім үшін де, бала үшін де, ата-ана үшін де қиын, «негесі» көп мәселе болатын. Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс атқара жүріп,бағалауға деген мүлдем жаңа көзқарас қалыптасты десем, қателеспеймін. Балаларды ынталандыруда тәуекелге барып, оқушылардың жауаптарын жоққа шығармай, сол қателерін өзіне түзету арқылы оқыту қажеттігін, бағалау критерийлері арқылы әділ бағалауға қол жеткізудің мұғалім үшін де, оқушы үшін де тиімділігін ұғынып, өз тәжірибемде пайдаланып, оң нәтижелерге қол жеткізе алдым. Әрине алғашында балалар өздерін жоғары бағаласа, уақыт өте келе өз қателіктерін түсінетін болды. Оған сыныптастарының да бағалауы да әсерін тигізді. Бағалау процесі арқылы баланы әділдікке үйрете отырып, адалдыққа тәрбиелейміз, ал қазіргі заманда біз үшін әділдіктің орны ерекше болып тұр.

 Ұстаз – рухы   таза,   ой-өрісі   биік,   ұлты   мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі –  жылы, көңілі – дарқан адам.

Әр ұстазға өз оқушысы артық. Әр оқушының өзінің көңіліне жақын тартатын өз пәні, ғылыми қызығушылығы болады. Біз оқытып отырған оқушыларға қарасақ, әрқайсысының өмірге, қоршаған ортаға, білім мен ғылымға деген көзқарасы әртүрлі.Ұстаз    білгенін  үйретіп     қана    қоймайды,    сонымен    қатар,  тұла    бойы    тұнған    өнеге,   ақ тілеулі    ана    тәрізді    барлық   адамның    бойынан    жақсылық   іздейтін ізгі    ниет    иесі. Оқушыларымның арасында қазақ тіліне деген жанашырлық білдіретін, қазақ тілінің тарихына қызығушылық танытатын шәкірттер бар екеніне көзім жетіп, оларды жетелеп, түрлі конкурстарға қатыстыра бастадым.  Джанзакова Аружан, Ермұратқызы Ақерке  әңгіме жазу жанрынынң шебері атанып, республикалық сайыста  жеңімпаз атанды. Құрманғали Тоғжан және Дильназ Республикалық олимпиада жүлдегерлері болса, Нұрланқызы Нұрия «Абай қарасөздерінің жаһандану заманындағы көрінісі»  және «Абай қарасөздері : кеше, бүгін,ертең» тақырыбында екі рет халықаралық ғылыми жобаға қатысып жүлделі орынға ие болды. Шәкірті    өзінен    озған    ұстаз – еңбегі    ақталған   ұстаз, өйткені өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу.  Өзінен   озған шәкірт    тәрбиелейтін   шебер    ұстаз   үздіксіз   ізденісте болып,  қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл,өзін-өзі    дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ойлаймын.Біздің дана қазақ халқымызда  «Ұстаздан   шәкірт   озар»  деген   сөз   бар.

Өмір табиғатпен үндеседі дегендей ұстаз бен  шәкірттің арсы бір-бірімен әрқашан тығыз    байланыста болады. Жас шыбықты,үрімдей жеміс ағашын жерг егіп, күнара суарып,баптап, өсірсең, жеміс беріп, үлкейіп өседі. Шәкіртінің ұстаздан озып, оның жемісін көру ұстаз   үшін үлкен қуаныш пен мәртебе. Дүниенің кезек екенін бәріміз жақсы  білеміз.Ұстазынан      озған шәкірті бұл ұстаздың берген білімінің жемісі.Ұстаз киелі мамандық.  

  Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы дамыған елу мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойып отыр. Білім мазмұны мен әдіс – тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді. Бүгін мектеп партасында отырған оқушылар ертең ел тағдырын шешетін зияткер азаматтар. Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді төмен түсіретін де – білім.

Сондықтан қолда бар әрекеттерімізді тиімді пайдалана білу сіз бен біздің үлесімізде деп ойлаймын.

Бүгінде меңгерген тәжірибемді пилоттық мектептер мен жалпы білім беретін мектептер мұғалімдерімен бөлісуім тәжірибемді ұштауға үлкен көмегін тигізуде, олармен тәжірибе алмасу, ой бөлісу маған үлкен шабыт береді. Сөзімнің соңында, «өзін бақытты сезініп», «өзгелерді де бақытқа жеткізсем» деп жүретін ұстаз болайық!» деген тілекпен аяқтағым келеді.

Айменбетова Қарлығаш Тұрлыбекқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

You may also like...