Бүгін Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне Халықаралық мектептер (CIS) кеңесінің сарапшылары келді.
Халықаралық мектептер кеңесінің бір топ сарапшылары Ливан, Ұлыбритания, Түркия, Татарстан, Иордания, Шотландия, Ресей және Қазақстан елдерінен келді. Халықаралық кеңестің акредитациясынан өтуге мектеп өтініш білдірген. Осыған дейін екі кезеңінен өтті. Бұл жолғысы өте жауапты. Сарапшылар бір апта бойы мектепте болады. Тыныс-тірлігін өз көздерімен көреді. Мектеп ұжымы, оқушылар, ата-аналар мен қамқоршылық кеңес мүшелерімен кездеседі. Білім беру мен тәрбие жұмыстарын талдайды.
Кез-келген оқу орнының басты мақсаты – халықаралық стандартқа сай болу. Ол оңай шаруа емес. Халықаралық мектептер кеңесінің стандарттарынан сүрінбей өткен білім ошақтары ғана «статусты атаққа» ие болады. Талап бойынша 4 кезеңнен тұратын 7 санат пен 200-ден аса көрсеткіш бойынша мектептің жетістігі бағаланады. Атап айтсақ: «Басшылыққа алынатын ережелер (миссия және көзқарас)», «Оқу мен оқыту», «Басқару және көшбасшылық», «Қызметкер», «Оқу мен оқытудың қолжетімділігі», «Мектеп мәдениеті», «Ресурстық қамтамасыз ету».
Сараптама тобының мүшелері бір айдан кейін халықаралық аккредитацияның қортындысын жариялайды. Жалпы сарапшылар сынағынан сәтті өткен оқу орнының әлемдік білім кеңістігіндегі мүмкіндігі артпақ. Шет елдің мықты деген оқу орындарымен терезесі тең, көкжиегі кең болмақ.