NIS мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін насихаттау айлығы өтуде

22 сәуір күні NIS-тің «Ұлы дала ақындары», «Замандастар жырлары» жобалары аясында оқушылардың бойына отаншылдық рухты ұялатып, шығармашылыққа деген құштарлықтарын ұштау мақсатында біршама іс-шаралар өтті.

Зияткерлік мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі  ана тіліміздің жанашырлары, ақындардың шығармашылығын насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың туған еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыруды, олардың өнегелі өмір жолдарын үлгі етуін көздейді.

Осы орайда «Көңілге түрлі ой салар..» атты ақындармен кездесу өтті. Бұл кездесуге  поэзияның көрнекті өкілдері, жергілікті ақындар Бексұлтан Нұржекеев, Биғайша Медеу, Гүлбақыт Қасен және өзіміздің шәкіртіміз Ақжан Аманжол кеш қонақтары ретінде шақырылды.

Кездесу дөңгелек үстел басында үштік кездесу форматында (ақын-жазушы, оқушы, ұстаз) өтті. Нәтижесінде оқушылар ақындарға көкейдегі сұрақтарын қойып, әрбір айтылған жауапты аса ынтызарлықпен тыңдап, қызуғышылық білдірді.

Ұстаздықты ту ете жүріп, қаламгерліктің шыңына көтерілген кешіміздің ерекше қонағы ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Райымбек ауданының құрметті азаматы – Биғайша Медеу апамыз оқушылармен  өзінің ақындыққа келу жолымен бөлісті. Сондай-ақ оған себепкер болған адамдарды атап өтті.

Биғайша Медеу
  • Жалпы әрбір ақынның, өлеңге, өнерге жақын адамның пірлері болады. Менің төрт пірім бар. Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев. Мен осы төр кісінің де алдында болдым. Батасын алдым.

ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, қонағымыз Гүлбақыт Қасен де  ар мен намысты қалқан етуге жетелеп, тағдырдың тартуына қарсы тұруына серігі болған жырларын оқып, баршаны арман үшін күресуге, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ана тілімізді қадірлеуге шақырды.

Гүлбақыт Қасен
  • Асан Қайғы бабамыздың Таза мінсіз асыл тас,Су түбінде жатады.Таза мінсіз асыл сөз,Ой түбінде жатады.Су түбінде жатқан тас,Жел толқытса шығады.Ой түбінде жатқан сөз,Шер толқытса шығады,- деген сөзінің бүгін мен нәтижесін көріп отырған сияқтымын. Ойды ой қозғайды демекші, менің бүгінгі алдарыңызда ақын ретінде таныстырылуым бала кездегі арманымның нәтижесі деп ойлаймын.

Келесі қонағымыз, НЗМ түлегі, мектеп қабырғасында жүріп-ақ көпшілікке “Ай қызы” атымен танылған жас ақын – Аманжол Ақжан бүгінде “Қолтаңба” поэтикалық бірлестігінің жетекшісі.

Ақжан да оқушыларға өзінің жауқазын жырларын оқып, шабыт пен қаламды ұштастырған сәттерімен бөлісті.

  • Менің ауылым Зайсан көлінің жағалауында орналасқан. Анам қайтыс болған уақыт болатын. Ол кезде әлі баламын. Көлдің жанында отырып, анама деген сағыныштан шабыттанып, қолыма қалам алған болатынмын. Содан әлі күнге дейін өлең жазамын.

Әдемі кездесу оқушылардың орындауындағы күймен жалғасты. Ақындар балалармен  өздерінің өмір жолындағы қызықты жәйттармен, жазған туындыларымен, ақыл-кеңестерімен бөліссе, cәйкесінше оқушылар келген  қонақтардың жыр-шумақтарын оқып, өлең сөздеріне жазылған әндерін орындап тосын сый жасады.

Кеш соңында мектеп ұжымы мен оқушылар келген қонақтарға алғыс білдіріп, сыйлықтар табыстады.

Сонымен қатар «Танисың ба сен мені? Мен – қазақтың баласы!» акциясы аясында , 7-8 сынып оқушылары арасында “Мен жазуға айналсам, оқисың ба? ” атты – НЗМ түлегі А. Ақжанның өлеңдерін  мәнерлеп оқу байқауы өтті.     

 Одан бөлек мектеп радиосында патриоттық әндер, атап айтар болсақ, «Мен қазақтың қызымын», «Талдықорған» , «Ұлы дала»,  «Қуанамын» сынды Гүлбақыт Қасеннің сөзіне жазылған әндер баршаға күні бойына патриоттық көңіл-күй сыйлады.

You may also like...