NIS оқушысы EGMO-2021 қола жүлдегері

Қыздарға арналған оныншы Европалық Математикалық Олимпиада EGMO өз мәресіне жетті. Халықаралық сайыста Алматы қаласы, NIS ФМБ оқушысы Ақерке Нұрахметова жоғары нәтиже көрсетіп, қола медаль жеңіп алды.
9-15 сәуір аралығында өткен олимпиаданы Грузиядағы Акакия Церетели Мемлекеттік университеті ұйымдастырды. Бірақ COVID-19 вирусының таралуына байланысты конкурс толықтай виртуалды форматта өтті.
Жалпы қыздарға арналған Европалық олимпиадаға биыл әлемнің түкпір-түкпірінен 213 оқушы қатысты. Оның ішінде 27 алтын, 30 күміс, 50 қола медаль жүлдегерлері бар. Жеңімпаздар тізімінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы Ақерке Нұрахметованың бары қуантады.
-Тапсырмалар мен үшін айтарлықтай қиын болды. Менің жетекшім – Нұрсұлтан Қажымұратов. Бұл олимпиадаға ұзақ уақыт дайындалмадым, бірақ мектепте математика бойынша резервке барамын, онда біз түрлі сайысқа дайындаламыз. Мен математиканы бұрыннан ұнатамын. Меніңше, бұл өте қызықты, дәл және әдемі ғылым, – дейді Ақерке.
EGMO-ның мақсаты – қыздарға халықаралық деңгейде математикалық өнер көрсетуге мүмкіндік беру. Ақеркенің жеңісі – ұзақ қажырлы дайындықтың, тәртіптің, еңбектің және ерік-жігердің нәтижесі! Құттықтаймыз!
 

You may also like...