Оралда педагогикалық колледждердің жаңа стратегиясы бойынша республикадағы алғашқы жоба басталды

Бүгін Орал қаласында педагогикалық колледждердің жаңа стратегиясын енгізу бойынша республикадағы алғашқы жобаны жүзеге асыру басталды.

Эксперименталды жобаның ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, Орал жоғары педагогикалық колледжінің директоры Светлана Бахишева, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, «Kazdidac» Ассоциациясының басқарма төрағасы Валерий Лебедев қатысты.

NIS және Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің бірлескен жобасы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ арасындағы меморандумға сәйкес жүзеге асырылады. Жоғары педагогикалық колледжге отандық және шетелдік озық тәжірибе негізінде жасақталған «Бастауыш білім» мамандығы бойынша эксперименталды бағдарламаны енгізу жоспарлануда.

–  Мектептердің 60 пайызы  шағын жинақты болып есептелетін өңірде педагогикалық колледждің орны ерекше. Бұл жерде бастауыш және негізгі мектеп үшін мұғалімдер даярланады. Облыстағы педагогтардың төрттен бірі – колледж түлектері, – деді облыс әкімі Ғали Нәжмиденұлы өз сөзінде.

– Назарбаев Зияткерлік мектептері үшін облыс әкімдігінің ұсынысы өте қызықты болды.  Орал педагогикалық колледжін жаңғырту пилоттық жобасы үшін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ білім беру бағдарламалары орталығы 108 оқу бағдарламасын әзірледі. Жыл соңына дейін орталық қызметкерлері, педагогикалық шеберлік және педагогикалық өлшемдер орталығы  колледж оқытушыларына арналған бірқатар оқыту семинарын өткізеді, – деп атап өтті «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.

Жобаның жүзеге асуы екі күндік семинардан басталды. Онда әлемдік педагогиканың үздік эксперттері Питер Мехисто (Лондон университеттік колледжі, Ұлыбритания) және Джоана де Брито (Авейрусс университеті, Португалия) білім беру саласындағы жаһандық трендтер туралы баяндама жасап, колледж педагогтарына дәріс оқыды.

– Ғасырлық тарихы бар колледж республика бойынша алғашқы болып эксперименттік білім беру бағдарламасын енгізу құрметіне ие болғанына қуаныштымыз. Біз облыстың бастауыш сынып мұғалімдері үшін  қызмет етіп қана қоймай, еліміздегі  мұғалім дайындайтын колледждерге әдістемелік орталық болуға тырысамыз, – деді Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж директоры Светлана Бахишева.

Шара барысында Батыс Қазақстан облысы оқытушылары Орал педагогикалық колледжінде «Kazdidac» қауымдастығы орнатқан бастауыш сыныптарға арналған заманауи оқу кабинетіне аса қызығушылық танытты. Жаңа кабинетте зерттеу дағдыларын дамыту, жобалау қызметі, сандық және STEM-технологияларды қолдану үшін барлық жағдай жасалған.

Сонымен қатар оралдық мұғалімдерге «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында бастауыш сынып мұғалімін даярлау туралы қазақ тіліне аударылған кітаптарды таныстырып, тарту етті.

Пилоттық бағдарлама ретінде өтетін  тәжірибені еліміздегі өзге де педагогикалық колледждерге тарату жоспарда.

 

You may also like...