Ұстаз ұлағаты

Ұстаз ұлағаты

Жаһандану үрдісі біздің мемлекетімізге де өзінің оң ықпалын тигізді. Соның бірі – халықаралық білім беру айдынындағы жаңа үдерістерді Отандық білім беру арнасына құю жүгін арқалаған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес Білім Беру Ұйымының құрылуы, соның құрамында Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылуы. Жаһанданған заманауи технологиялардың көшінен қалмай, жаңалықтың жаршысы болған бірегей ЖОБА біртіндеп ел мектептерінің іс тәжірибесіне де ене бастады.

Қоғам ілгерілеген сайын ғылым мен білім беру саласы да сол толқыннан қалмай жүзетіні анық. Жаңа көзқарастағы, ізденімпаз педагогтар толқыны қалыптасты. Жаңа Жоба аясында өзіндік соқпақ салғандардың қатарында Шаяхметова Гүлнар Алшановна тынымсыз тер төгуде. 2014 жылдың қаңтар айында Алматы қаласы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебіне ұстаздарды іріктеу емтиханына ерке Ертіс жағасындағы шежірелі Семей қаласынан келіп Гүлнар Алшановна да қатысты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші іріктеуден өткен сегіз қырлы, бір сырлы ұстаздардың қатарына өз білімімен ілікті. Әрқашан  өзіне деген сенім мен артылған жауапкершілікті көтере білген Гүлнар Алшановна ұстаздар мен оқушылар алдында үлкен беделге ие. Өзіне және алдында отырған әрбір шәкіртіне талап қою арқылы жауапкершіліктің биік белестерді алудағы маңыздылығын мойындатты.

Бала бойындағы дарын мен талантты тани білетін мұғалім оқушыларын түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен сайыстарға, ғылыми жоба жарыстарына дайындап, желілік, республикалық деңгейде биік нәтижелерге қол жеткізді. Солардың бірегейі – Шәкен Нұрасыл «Абай еліндегі тарихи ескерткіштер» тақырыбындағы жобалық жұмысын қорғаса, Арупова Ранагуль қазақ тілі пәні бойынша желілік, республикалық олимпиада жеңімпазы атанды. Додалы сайыстарға дайындаған оқушыларының шығармашылық жұмыстары мектепішілік «Бастау» жинағына енді, сонымен қатар бірқатар республикалық басылымдарда жарық көрді. Мұғалім оқушыға ізденімпаздықтың нәрін себумен қатар өзі де үнемі ізденіс үстінде. «Абай – әлемдік феномен» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға өз баяндамасымен қатысты. ДББҰ тарапынан өткізілетін білім жетілдіру курстарымен қатар өз бетінше тіл үйрену курстарына, онлайн курстарға қатысып, алған білімі мен ақпараттарын өз іс тәжірибесінде тиімді пайдаланады. Сонымен қатар ДББҰ аясында білімін жетілдіріп қана қоймай алған білімі мен біліктілігін ел мектептеріне трансляциялаумен де айналысады. Республикалық, қалалық семинарларда ашық сабақтар өткізумен қатар тақырыптық презентациялар жасады.  

Уақыт, сағаттар мен минуттар дамылсыз алға жылжып, сырғи береді, бір сәт аялдап, тоқтау дегенді білмейді. Зырылдап аққан ағыспен жарысып, заман талабы, жаңашылдық пен жасампаздық көшімен бірге қадам баса жүріп, арада 5 жыл уақыттың қалай өткенін де сезбегендейміз.      

Иә, адам баласы күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, жанында жүрген адамның бойындағы ізгі қасиеттеріне бір мезет назар аудара бермейді. Сондай ізгі жандардың бірі – біздің әріптесіміз Шаяхметова Гүлнар Алшановна уақыттың қадірін білетін, ізденімпаз, жаңашыл, өзіне де өзгеге де  талап қоя білетін, білгенімен үнемі тәжірибе алмаса алатын, нәтижеге қол жеткізуге ұмтылыспен жұмыс жасай білетін ұлағатты ұстаз.

      

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Арпабекова Шынаркуль Умиртаевна

You may also like...