ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бекболат Тілеухан мен Дархан Мыңбай Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесті.
«Назарбаев зияткерлік мектептері – әлемдегі өркениеттің өнегесін ұстанған білім ошақтарының берекелі белесі. Еліміздің орта білім берудің ең жоғарғы эталоны. Сондықтан өзге мектептер осы зияткерлік мектептерге қарап бой түзейді», – деп Елбасы айтқанындай, мұнда отырған әрқайсыларыңыз осал емессіздер. Білім көкжиектеріңіз кең болғандықтан осы мектепте білім алып жатырсыздар. Бұл үлкен жауапкершілік ,- деді Бекболат Тілеухан.
Кездесу барысында депутаттар білім саласының соңғы жаңалықтарына да тоқталып өтті. Соның бірі «Зияткерлік мектептерде оқушылардың таңдауы бойынша екінші шет тілін меңгеру». Қосымша тіл білу арқылы өзге елдің менталитеті мен мәдениетін түсінуге жол ашылады, жоғары білім алу және жұмысқа орналасуда таңдау жасау аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
-Дүниеде ғылымға тәуелді емес нәрсе жоқ. Өткен тарихымыз бен келер келешегіміз де ғылымға байланысты. Сондықтан саналы да зияткер ұрпақ ретінде еліміздің ғылымын дамытуға басымдық беру керек,- деді Дархан Мыңбай.
Кездесу соңында халық қалаулылары оқушылардың сұрақтарына жауап берді.