“Туған елге тағзым – 2021” экспедиция: 1 күн

«Туған елге тағзым – 2021» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы бастау алды

Биыл 2021 жылдың 1-5 қарашадағы тоқсанаралық демалыс уақытында Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің үздік деп танылған шаңырақ оқушылар қауымдастығынан 40 оқушы экспедицияға қатысуда.

Жас өлкетанушылар биылғы зерттеуді өз өлкелерінде өткізуде. Экспедиция барысында оқушылар Алматының тарихи-мәдени көрнекті орындарын аралайды.

Қатысушылар экспедиция алдында мектеп жатақханасына орналасып, шара бағдарламасы мен техника қауіпсіздігі және санитарлық ережелерімен танысты. Алматы қ. ХББ NIS оқушылары ұйымдастырған салтанатты концертті тамашалады.

Экспедицияны оқушылар Алматыдағы ғылыми және мұражай орталығы «Ғылым ордасын» аралаудан бастады. Оқушылар Қазақстан “Табиғат мұражайына”, «Археология мұражайына”, сирек кітаптар және Қазақстан ғылымы тарихының мұражайына барды.

Қазақстан табиғат мұражайында оқушылар фауна мен флора әлеміне саяхат жасады, экспонаттар арасында жануарлар мен өсімдіктердің тасқа айналған қалдықтары, динозаврлар, тарбозаврлар, сондай-ақ ежелгі фаунаның басқа да өкілдерімен танысты.

Сондай-ақ, оқушылар әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Мұхаммед Қашқари, Жүсіп Баласағұн сияқты ортағасырлық ойшылдардың еңбектерін қамтитын мұражай экспозицияларымен танысты. Көрме XIX ғасырдағы қазақстандық ағартушы Ыбырай Алтынсариннің, Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын айшықтады.

Осы зерттеу экспедициясының арқасында оқушылар қоғам үшін әлеуметтік-тарихи маңызы бар XIII—XX ғасырдағы мәдени-тарихи мұра туралы көп дерек білді. Экспедиция туған өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттеу үшін қызықты векторларды анықтауға көмектесті.

Әрі қарай бағдарламада оқушылар үшін Қаскелең орман шаруашылығына экспедиция ұйымдастырылды. Оның барысында орман шаруашылығының қызметкерлері ормандарды молықтыру, жасыл желекті өрттен, аурулар мен зиянкестерден қорғау, орман пайдалануды реттеу, орман өнімділігін арттыру туралы айтып берді.

Кешкілік бағдарламада балалар актерлік шеберлік сабағына қатысты.

You may also like...