«XI Еуропалық өнер және ғылым фестивалі

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің француз тілі элективті курсына қатысушы 21 оқушы (7-11 сынып) тілдер жөніндегі координатор Дана Қайратбекқызының жетекшілігімен 2018 жылдың 14-21 сәуір аралығында «XI Еуропалық өнер және ғылым фестиваліне» қатысты (Лош қаласы, Франция). Фестивальға Польша, Алмания, Түркия, Қазақстан (Алматы НЗМ ФМБ және Алматы НЗМ ХББ) келген 5 делегация өнерлерін көрсетті, оның ішінде Қазақстан мемлекеті аталған фестивалде алғаш рет қатысқаны аталып өтті. 
Біздің делегация қазақ халқының салт-дәстүрлерін, мерекесі мен ұлттық ойындарын түсіндіретін «Наурыз», «Шашу», «Бата», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ» сынды шағын элементтерден тұратын қойылым көрсетіп, «Балбырауын», «Адай», «Көроғлы» атты күйлерді ойнап, «Қара жорға» әніне би биледі. Қойылымды ұйымдастыруда жетекшілік еткен Саймасаева Г.Б. және француз тіліне аударған Дощанова А.К.
Алғашқы күндерден-ақ оқушыларға жергілікті француз халқының дәстүрлері таныстырылып, Амбуаз қаласындағы тарихи орынның бірі Амбуаз сарайына және Тур қалаларына саяхат жасалды. Келген делегациялар және француз халқы өздерінің ұлттық дастархандарын жайды, спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Есте қаларлық сәттердің бірі әр мемлекет өз туларын желбіретіп, ұлттық киімдерін киіп, Лош қаласының басты көшелерімен жүріп өткен мерекелік шеру болды және классикалық музыка кеші ұйымдастырылды. Біздің мектеп оқушылары қазақ күйлерінен домбырада попурри ойнап, зор қошеметке бөленді. 
Сонымен қатар фестивальдің соңғы күні барлық қатысушылар мен ұйымдастырушылар қолдарына алау алып Лош қаласын кешке аралап шықты да, орталық алаңға жиналып фонарлар жағып, аспанға ұшырды. 
Соңғы екі күн оқушылар Париж қаласында экскурсия жасады. Париждың ежелгі көркемөнер туындылары жинақталған дүниежүзіне танымал «Лувр» және балауыздан жасалған атақты адамдар фигуралары қойылған «Гревен» мұражайларын аралап, Нотр-Дам, Париждің Салтанат дарбазасы (Триумфальная арка) мен әйгілі «Эйфель» мұнарасына шықты, Сена өзенінде саяхат кемесінде жүзді.
Оқушылар фестивальге қатысуы және Париждегі экскурсия арқылы алған әсерлері орасан зор: өзге мемлекетте өзге ұлттың балаларымен достасып, ағылшын, француз тілдерін жаттықтырып, мәдениетімен қатар тарихымен танысып, ой-өрістері және танымдары кеңейді.

You may also like...