Жаңашыл ұстаз
Әр мемлекеттің басты байлығы халық дейтін болсақ, халықтың білімділігі бәсекеге қабілеттіліктің негізгі құралы. Қазақстанда заманауи үлгідегі, әлемдік білім стандартына сай білім мен тәрбие беруде жаңаша бағыттағы мектептер бой көтерді. Бұл құбылыс жаһандану үрдісі кезіндегі оң бетбұрыс деуге болады.
Заман ағымына қарай ғылым мен білім беру саласында дәріс беретін заманауи көзқарастағы, жаңашыл педагогтар легі қалыптаса бастады. Көптеген жылдар Алматы қаласында ұстаздық қызмет еткен Арпабекова Шынаркуль Умиртаевна да жаңашыл ұстаздар қатарынан орын тепті. Бұл жолда ұстаздың табандылығы мен білімділігі серік болды. Өз ісінің қас шебері, ізденімпаз ұстаз бірден оқушылар мен ата- аналардың ілтипатына бөленді.
Арпабекова Шынаркуль Умиртаевна бойынан ұстазға тән қасиеттердің барлығын байқауға болады. Өзін – өзі шығармашылық тұрғыдан дамыту барысында талай белестерді бағындырды. ДББҰ тарапынан ұйымдастырылған жобаларға қатысып, білімін жаңа бағытта үнемі жетілдіріп отырады. Осы жоба аясында жасаған жұмыстарының нәтижесін НЗМ жүйесінде және ел мектептеріне трансляциялаумен де айналысады. Зияткерлік мектеп мұғалімдеріне оқу бағдарламаларының мазмұны мен ерекшеліктері туралы түсінік беру семинар-тренингтер, республика және Алматы қаласы жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдеріне семинарлар, ашық сабақтар өткізді. Қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша бағдарлама құрастырушылар тобының құрамында кәсіби тұрғыдан дами отырып, ЖББМ 5-сыныбы үшін «Қазақ әдебиеті» оқулығы мен мұғалімге арналған нұсқаулықты, «Қазақ әдебиетінен» 6-сынып мұғалімдері мен оқушыларына арналған дидактикалық материалдар жинағын, 8-сынып мұғалімдеріне және НЗМ-нің 11,12-сыныптар үшін «Кіріктірілген қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша әдістемелік көмекші құралдарды авторлар құрамында құрастырды.
Өзімен қоса, шәкірттерін де түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен сайыстарға дайындап, желілік, республикалық деңгейде биік нәтижелерге қол жеткізді. Тілге тиек етер болсақ, Жарқынбек Динара желілік олимпиада, Мағауия Аида, Қанаш Лағыл мектепішілік олимпиада жеңімпазы атанса, Ахмет Гүлдана мен Ұланқызы Зере үздік эссе республикалық сайысында алдыңғы қатарадан көрінді, сонымен қатар Нөкен Рахима жобалық жұмысын қорғау барысында Республикалық телефестиваль жүлдегері атанды.
Ұстаздық мамандықтың құдіреттілігі сонда заман ағымымен бірге жылжып, жаңалықтың жаршысы болып, жаңғырып отырады. Осы салада еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз екені анық. Сондай жандардың бірі – біздің әріптесіміз Шынаркуль Умиртаевна уақытпен бірге өсетін, еңбекқор, жаңалыққа жаны құмар, өзіне де өзгеге де жүйелі талап қоя білетін, тәжірибесімен бөлісе алатын, нәтижелі жұмысқа қол жеткізе алатын құрметті ұстаз.
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Шаяхметова Гүлнар Алшановна