Зияткер қыздар командасы АҚШ та өтетін «Technovation challenge» халықаралық байқауының финалына өтті

Зияткер қыздар командасы АҚШ та өтетін «Technovation challenge» халықаралық байқауының финалына өтті

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өнертапқыш қыздары тамыз айында Сан-Франциско қаласында өтетін «Technovation challenge» халықаралық байқауына қатысады. 
Дильназ Камалова, Дана Ерланова, Любовь Дудченко мен Малика Бурибаева «TECO» деп аталатын толықтырылған шынайылығы бар 3D ойынын жасап шығарды. Мобильді қосымшаның негізгі мақсаты – қоғамның назарын экологиялық мәселелерге аударту. Мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Technovation challenge» байқауының аймақтық кезеңінде ұялы қосымша көпшіліктің қызығушылығын тудырып, жартылай финалға өткен еді. Көп ұзамай халықаралық сарапшылардың да оң бағасына ие болып, әлемдік додаға жолдама алды. 
Қыздардың командасы «CoCo» деп аталады. Technovation challenge ресми сайтында technovationchallenge.org/season-results/ финалға өткендердің тізімі жарияланды. Алғашқылардың қатарында зияткер қыздарымыз тұр. Финалға әлем бойынша тек алты команда қатысады.

– Ойын 3D форматында болғандықтан, оны көріп отырған адам өзі оқиғаның ішінде жүргендей болады. Сондықтан қызығып ойнайды. Басты кейіпкеріміз – ғарышкер. Өзінің жеке планетасын сақтап қалу мақсатындағы әрекеттері бейнеленген. Мобильді қосымшада есептеуіш те болады. Күніне неше рет қоқыс жәшігіне қоқыс салғаныңды есептеп тұрады, – дейді Дильназ Камалова.

Айта кетейік, Technovation Challenge — оқушы қыздар арасында өтетін халықаралық байқау. Қатысушылар мобильді қосымша арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге тырысады. Байқауды ұйымдастырушы — Кремний алқабындағы «Iridescent» коммерциялық емес қайырымдылық ұйымы. Бас жүлде — 10 мың АҚШ доллары.

You may also like...